Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметте көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды

Бүгінде ел көлемінде орталық-оңтүстік, орталық-шығыс және орталық-батыс бағытындағы автожолдар салу жұмыстары жүріп жатыр. Астана-Алматы тас жолын 2019 жылы, орталық-шығыс бағытындағы Астана-Павлодар, Семей, Өскемен тас жолын 2020 жылы аяқтау көзделген. Мұндағы 1003 шақырым жолдың 951 км-рі қалпына келтіріледі. Ал Астана-Ақтау тас жолы 1820 шақырымды құрамақ. Қазіргі уақытта Батыс Европа-Батыс Қытай тас жолы бойынша, жер учаскелерін сатып алу мәселесі өзекті тұр. Серік Ахметов мәселені министрлік пен жергілікті әкімдіктерге бірлесіп шешуді тапсырып отыр.

Отырыста қаралған екінші мәселе – азаматтық авиация жайы. Бүгінде елімізде бірнеше облыс орталығындағы әуежайларда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тараз қаласындағы әуежайда барлық жұмыстар 2014 жылдың ортасына таман аяқталады. 2010-2014 жылдарға арналған көліктік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында Петропавл халықаралық әуежайында ұшып-қону жолағын күрделі жөндеу, әуежайды арнайы техникамен қамтамасыз ету қарастырылған. Үстіміздегі жылы 6,7 млрд теңгеге жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұл қаржыға ұшып-қону жолағының ұзындығын 3 мың метрге дейін жеткізіп, күрделі жөндеу жоспарланған. Ал жолақтың ені 60 метрге дейін кеңейеді. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме өңірлік даму, экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктеріне жолданды деп атап өтті Самат Ескердіров. 2014 жылдың мамырына дейін қалпына келтіру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалады. Отырыста теміржол саласын дамыту, және Ақтау портын кеңейту мәселелері де қаралды. Селекторлық байланыстан соң, облыс әкімі Самат Ескендіров жиында қаралған мәселелер бойынша тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

 

Самат Ескендіров,СҚО әкімі:

-Қазіргі уақытта жергілікті аэропортта аптасына 14 рейс жүзеге асады. Бұл Петропавлдан Астана және Алматы бағыттары. Айына 56 рейс қарастырылған. Алдағы уақытта олардың саны артуы мүмкін.

 

Облыс әкімі өңірдегі республикалық маңыздағы “Астана-Көкшетау-Петропавл” тас жолындағы жөндеу барысымен де танысты.

 

Асқар Жанкин, “ҚазАвтоЖол” АҚ СҚФ директоры:

-Бүгінде 51 шақырым жолдың техникалық-экономикалық негіздемесіне сараптама жасалып жатыр. Көкшетаумен шакарадағы алғашқы 26 шақырым жолды қараша айында пайдалануға тапсырамыз. Қазіргі уақытта жолдың беткі қабатын төсеп жатырмыз. Қалғаны – жол белгілерін орнату, жол жиегін қалпына келтіру шаралары. Сонымен қатар, ел қазынасынан Бескөлдегі жол айырығынан Жамбыл көшесінің басындағы бірнеше сатылы көпір және оларды байланыстыратын жол жобасының сметалық құжаттамасына қаржы бөлінді.

 

Өңір жетекшісі жолдарды қыс мезгілінде тазалау шараларына дайындықты да ескертті.

 

Гүлмира Шоқтыбаева