Құқық қорғау органдары

Түнгі клуб қызметкері тоналды

 

Тонау фактісі Уәлиханов көшесінің бойында, №23 мектептің маңында орын алған. Түнгі клубтағы қызметінен келе жатқан бойжеткен алыс емес жерде екі ер адамды байқап қалған. Сезіктілер көп ұзамай жапа шегушіні қуып жетіп, шалып түсірген.

 

-Мен тіпті артыма қарап, бұрылып үлгере алмадым. Жігіттердің беруі желкемнен ұстап алып, жолдың жиегіне итеріп жіберді. Алдымен аяғымен тепкілеп, кейін басымды көтерді де, “барыңды бер, әйтпесе бауыздап тастаймын” деп қорқытты.

 

Зәре-құты қашқан жапа шегуші қарақшыларға сырғасын, сақинасы мен қолындағы 3 мың теңгесін ұстатқан. Жақын маңда келе жатқан көлікті байқаған жәбірленуші жолға қарай тұра жүгіргенде, сезіктілер де ізім-ғайым жоғалады. Таңертеңгісін тәртіп сақшылары қылмыс орын алған ауданда сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, сезіктілерді байқаған куәгерлерді анықтайды. Айыпталушылардың бірі – Шал ақын ауданының 20 жасар тұрғыны болып шықты. Ол Тимирязев ауданынан келген жолдасымен белгісіз қызды тонағанын мойындап отыр. Алтын бұйымдарды күдіктілер ломбардқа өткізіп үлгеріпті.

 

Күдікті:

-Ломбардқа барып әшекейлерді өткіздік. Танысымның куәлігі болмаған соң, өзімдікін кепілге бердім. Кейін ақшаны бөлістік те тарап кеттік.

 

Нұргүл Шерубаева, Петропавл қ. ІІБ бірінші бөлімінің тергеушісі:

-Аталған факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 178-бабының 2-тармағы, “а”,”в” пункттері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бапта 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.

 

Жыл басынан бері облыс орталығында 202 тонау фактісі тіркелген, 130 істің басы ашылды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева