Құқық қорғау органдары

Биыл табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға 58 млн теңгенің зиянын келтірген

 

 

Ағымдағы жылы өңір экологтары тағайындаған ең ірі айыппұл мөлшері – 7 млн 103 мың теңге Айыртау ауданының кәсіпорындарының біріне тиесілі. Мұндай заңбұзушылықты тексеріс нәтижесі анықтаған. Оның көп бөлігі, яғни 6 млн теңгеден астамы көмірді жағып, күлін белгіленбеген орынға төгу салдарынан болған.

 

Әлібек Бекмұхаметов,СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

-Біз 16 ферманы тексердік. Олардың көпшілігінде қоқысты төгуге рұқсат беретін экологиялық анықтамалар болмады. Солардың бірі- «Достық дән» ЖШС.

 

Бұдан өзге пайдалы қазбаларды өндіріп келген бірнеше кәсіпорындар мен оқу орындарында да бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. «Петропавл- Көкшетау» тас жолын жөндеп жатқан кәсіпорын да айыппұл төлейтін болады.

 

Әлібек Бекмұхаметов, СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

– Заңбұзушылық жасаған 5 кәсіпорын анықталды. Олардың қатарында құм өндірген жеке тұлғалар және әскери институт та бар. Көкшетау-Петропавл тас жолында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Ақмола құрылыс материалдары» кәсіпорнына 900 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

 

Экологиялық заңнаманы Петропавлдағы асфальт-бетон зауыты да бұзған. Олар көміртек оксидін шамадан тыс шығарған.

 

Әлібек Бекмұхаметов, СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

– Петропавл қаласы бойынша «Ашық аспан», «Су 808» сынды серіктестіктерде тексеру жүргіздік. Қазір «Универсал» ЖШС –   олардың барлығында қалдықтар мөлшерлі шамадан тыс шығарылған. Соңғысына 110 мың теңгенің айыппұлын салдық.

 

Аудандардың бірінде екі ауылдық округ басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар 17 мың теңге көлеміндегі айыппұлды өтеулері қажет.

 

Әлібек Бекмұхаметов, СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

-М. Жұмабаев ауданындағы екі ауылдық әкімді экологиялық талаптарға сай жұмыс жасамағаны үшін жауапқа тарттық. Елді мекендерде қоқыс төгетін арнайы орындар жоқ.

 

Жалпы жыл басынан экология департаменті  500- ге жуық тексеріс жұмыстарын жүргізген. Қоршаған ортаға 59 млн теңгеге жуық зардап келіпті. Солардың тек 6 млн теңгесі ғана соттың араласуынсыз өтелген.

 

Мағжан Ахмадина