Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар қажылық сапарға әзірленуде

 

Биыл Солтүстік Қазақстан облысынан қажылыққа 13 адам аттанады. Солардың бірі – Әлібек Баймұқанов. Мамлют ауданы Ленин ауылының тумасы биыл алғаш рет Меккеге сапар шеккелі отыр. 64 жастағы жерлесіміздің дінге бет бұрғанына көп болмаған. Оның арғы атасы осыдан бір ғасыр бұрын қажылыққа барған екен. Сондықтан мен де мұсылмандық парызымды орындауға бел байладым дейді қария.

 

Әлібек Баймұқанов:

-Қажылыққа бару – бұл барлық мұсылман қауымының парызы. Сондықтан биыл міне барғалы отырмын.

 

Екі аптадан бері «Қызылжар» мешітінде қажылыққа баруды ниет еткен адамдардың діни білімін арттырып, қажылық амалдарының қалай орындалатынын үйрету мақсатында дәрістер оқылып келеді.

 

Қасымхан Исаев, «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы:

-Қажылық шарттарында айтылғандай. Ең алдымен баратын адамның жағдайы келуі керек, құжаттары мен медицианлық сараптамасы болуы керек.Ауруларға қарсы ине салдырады.

 

Биыл “Мини-тур” және “Атлас” секілді туристік фирмалар Меккеге аттанатын қажылардың барып-қайту сапарын өз жауапкершілігіне алып отыр.Соңғы кездері елімізде қажылық парызын орындауға құлшыныс білдіріп жатқан отандастарымыздың да қатары артып келеді. Биылғы ұлық сапарға өңірімізден тіпті бір өзге ұлт өкілі де аттанғалы жатыр.

 

Қасымхан Исаев, «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы:

– 3700 доллардан бастап және одан жоғары. туристік фирма барлық міндетті өздеріне жүктеген. Олар барып-келуін барлығын қамтамасыз етеді.Солтүстікқазақстандық бір азамат 3 күн бұрын парызын өтуге жүріп кеткен.

 

Қажылық міндетін өтеуге өткен жылы елімізден төрт мыңға жақын адам барып қайтқан болса, олардың саны биыл төрт жарым мыңға жетіп отыр. Жалпы Меккеде 5 миллионға жақын адам болады деп күтілуде.

 

Мағжан Ахмадина