Спорттық бағдарлаудан ҚР спорт шебері Дарья Налобина барлық белгілерді анықтап, мәре сызығына жақындауда. Өз қатарластары арасында спортшыға тең келер қарсылас табылмады. Ал жақында Қарқаралыда өткен ел чемпионатында ол 2-ші орынға тұрақтаған.
Дарья Налобина, спорттық бағдарлаудан ҚР спорт шебері:
–Сайысқа талайдан жаттығып жүрмін. Республика чемпионатында екінші орынға қол жеткізіп, спорт шеберінің талаптарын орындаймын деп ойламаған едім. Ендігі кезекте, жаттығуларды одан әрі жалғастырып, Азия чемпионатына дайындаламын.
Соңғы 10 жылда өңір құрамасы спорттық бағдарлаудан тұңғыш рет республикада бірінші орыннан көрініп отыр. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері – Наталья Чуприкова, Аслан Тоқбаев, Асем Назырова әр жарыста жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
Юрий Чуприков, СҚО бойынша спорттық бағдарлаудан бас жаттықтырушы:
-Балалардың арасында жас спортшыларды баулып келеміз. Кейін жасөспірімдер ересектер құрамасына өтеді. Қазіргі уақытта облыс құрамасы – республикадағы үздіктерінің қатарында. Спортшылар өз бабында, сондықтан, жоғары нәтиже көрсетуде.
Кезекті жарыс қазақстандық спорттық бағдарлау сайыстарының 50 жылдығына арналып отыр. Мұнда үздік атану үшін 13 пен 17 жас аралығындағы 100-ден астам спортшы бағын сынауда.
Юрий Чуприков, СҚО бойынша спорттық бағдарлаудан бас жаттықтырушы:
–Спорттық бағдарлаудың 50 жылдығына орай, тәрбиеленушілерімізге тосын сый жасадық. Жаңа ауданды белгілеу үшін ресейлік мамандарды шақырдық. Ендігі кезекте, сайыстар Мещан орманында өтеді.
Екі күндік жарыстың жеңімпаздары медаль, грамота және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Гүлмира Шоқтыбаева