Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа элеватор салынып жатыр

 

 

Өңірімізде баламасы жоқ, бұрын-соңды болмаған аса қуатты элеваторды салу “Стройинвест-СК” ЖШС тапсырылыпты. Жұмыс күші жеткілікті. Бірегей астық қабылдау кешенін тұрғызуға 250 адам жұмылдырылған. Бас мердігер жоспардың 90 пайызын еңсеріп тастаған.

 

Александр Кравченко, «Стройинвест-СК» ЖШС бас директоры:

– Құрылыс өткен жылдың жартысынан басталды. Негізгі жұмыстарға биыл кірістік. Көктемге дейін іргетасы қаланды. Көптің сеніміне енген әлемдік соны технологиялар ендірілуде. Соңғы үлгідегі жабдықтар орнатылып жатыр.

 

Бұған құрылыс басында болған облыс әкімі көз жеткізді. АҚШ-тан арнайы жеткізілген заманауи қондырғылар орнатылып қойылыпты. Озық үлгідегі 24 модульдік астық сақтағыш бар. Әрбірінің сыйымдылығы 5 мың тонна. Қоймаларда тұқым ұзақ мерзімге дейін бүлінбес үшін тың технологиялар ендіріліп, қолайлы жағдай жасалған. Инвестициялық жоба құны 7,5 млрд. теңге. Ендігі қалған шаруа инженерлік желілерді тартып, инфрақұрылымды дамыту. Бұл жағынан Үкімет демеу жасамақ.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– «Жол картасы» бойынша 150 млн теңгеге су құбыры, электр, шойын жолға үкімет тарапынан сондай көмек көрсетіледі. Осының арқасында бұл жоба Петропавл қаласына келді. Бұл компания біздің облыста ауыл шаруашылығы саласында,  Шал ақын ауданында 120 мың  га егінжайы бар. Басқа да әлеуметтік жобаларға қатысады.

 

Тапсырыс беруші “ТНС-экспорт” ЖШС. Астаналық кәсіпорынның негізгі қызметі бидай тасымалдау. Жаңа кешеннің қуаттылығы сағатына 150 мың тонна астық кептіріп өңдеуге қауқарлы. Сондықтан астықты өңірдің ырыс дәнін сыртқа шығаруға енді бір тамаша мүмкіндік жасалмақ.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– 120 мың тонна болып тұр қабылдайтын астығы. Жылына 2-3 рет айналдырамыз деп басшылары айтып отырғандай жылына осы жерден жарты млн. тонна астық экспортқа шығаруға мүмкіндік болады.

 

Кәсіпорынға келген астық зертханалық сараптаудан өтеді. Осы жерде бидайдың ылғалдылығы, кілегейлігі, сапасы анықталып, класы бекітіледі. Жүйе толықтай автоматтандырылған. Тұқымды сақтауға сақадай сай қоймаларға астық арнайы қондырғы арқылы жөнелтіледі. Құрылысшылар өңір жетекшісін элеватор 2014 жыл орағының астығын қабылдауға әзір болады деп сендірді. Кәсіпорын іске қосылса, жаңадан 100 жұмыс орны ашылады.

 

Жеңіс Ермұқанов