Спорт

Петропавлда Президенттік көпсайыстан республикалық жарыс өтуде

 

 

Қысқы көпсайыс еліміздің алты аумағы мен Ресей Федерациясынан 82 спортшыны жиды. Байрақты доданың ашылу салтанатында соңғы жарыстарда спорт шебері талаптарын орындаған сайыскерлерге жетістігін растайтын куәлік табысталды. Бұндай құжат солтүстікқазақстандық Татьяна Большуноваға да берілді. Майталман жерлесіміз өтіп жатқан жарыстың да көш басшысы саналады. Бұны ер мінезді бойжеткен алғашқы сыннан-ақ байқатты.

 

Татьяна Большунова, сайыскер, СҚО:

– Өткен жарыста мен ең үздік нәтижеге жеттім. Кеше нысананы көздеп ату сынында 100 ұпайдың 97 балын жинай алдым. Ендігі тапсырма денеңді жерге тигізбей көтеру. Соңғы рет ел деңгейіндегі жарыста 4 минуттың ішінде 99 мәрте көтеріліп жеңімпаз атандым. Бұл жолы да чемпиондығымды дәлелдеуге тырысамын. Бастамам жаман емес.

 

Пневматикалық мылтықтан нысананы дәл көздеу бағдарламасында өңір құрамы жалпы есепте ең мерген атанды. Енді білек күші сыналатын гимнастикалық тартыста ұпай еселеу керек. Нәзік жандылар денелерін еденнен көтеріп өз ара мықтыны анықтады. Әр қатысушыға 4 минут уақыт беріледі.  Ал ұлдар жағы белтемір жаттығуында бап таластырды. Дәл сонша уақытта қолдың күшімен ғана тартылу керек.

 

Алексей Зелюк, сайыскер, Ақмола облысы:

– Мылтықпен атуда тәуір өнер көрсеткен едім. Бүгін бағындыра алатын асуыма жете алмай қалдым. Не бары 17 рет тартылдым. Сасып қалдым ба, әлім кетті ме, түсінбедім. Соңғы сында есемді қайтаруға тырысамын. Былтыр өз салмағымда көш бастап едім. Тым болмағанда жүлдегерлер қатарынан көрінуге тырысамын.

 

Сайыскерлер жас аралықтарына қарай 4 топқа іріктелді. Ересектер легінде жастардан спорт ардагерлері де қалыспауға тырмысты. Ең үлкені алпысты алқымдап жетпісті желкелеуге таяп қалған.

 

Евгений Старков, ШҚО:

-Жасым 69-да болса да мергендігім қалмапты. Әрине көздері өткір жастардай нәтиже көрсеткен жоқпын. 10 рет тартылдым. Мен үшін бастысы жеңіс емес, ізімді басқан спортшыларға үлгі көрсету, денсаулығымды шыңдау. Күнде жаттығу жасаймын. Аса ауыр көп сайысқа қыздар да ден қойғаны қуанышты. Салауатты өмір салтын ұстанған қашанда артық болмайды.

 

Көпсайыс шымылдығы доңғалақты роликпен жүгіру сынымен жабылады. Жеңімпаздар үш күндік тартыстың қорытындысы бойынша анықталады.

 

Жеңіс Ермұқанов