Мәдениет

Отбасы – алтын діңгек

 

 

Әсия Құлахметова Қызылжар ауданына қарасты  Бәйтерек ауылында тұрады. Бос уақытта қалта, көрпе тігумен айналысады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші қазір оның 3 қызы да анасының жолын қуып, қазақтың ұлттық өнерін меңгеруге ден қойып жүр. Ою ойып, сырмақ бастырады, көздің жауын алатын әдемі көрпелер жасайды. Өнерден де кенде емес жанұя мүшелері бүгін «Отбасы- алтын діңгек» облыстық байқауына қатысуда.

 

Әсия Құлахметова, сайысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Бұл келешекте баланың бойына салт-дәстүрді сіңіруге көмектеседі. Жиі болса, жақсы болар еді.

 

Қазақстан халқы тілдерінің 15-ші облыстық фестивалі аясында ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты, ұлттық салт- дәстүрді дәріптейтін, мемлекеттік тілді меңгерген, өнерлі де өнегелі жанұяларды анықтау. Отбасы құндылықтарын ұрпақтан- ұрпаққа жалғап келе жатқан солтүстікқазақстандық 11 шаңырақ бүгін сахна төрінде өз өнерлерін көрсетуде. Олар 4 кезеңді бағындырулары қажет.

 

Әсем Сүлейменова, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы:

-1- ші өзін таныстыру, кейін ой толғау, 3-ші өнерлерін көрсету және 4-ші үй тапсырмасы.

 

Облыстық байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтар және грамоталармен марапатталады.

 

Мағжан Ахмадина