Білім

Мұғалімдер күні қарсаңында онкүндік жарияланды

 

Ұлағатты ұстаздың тағылымын алып, білім нәрінен сусындамаған адамзат өкілі жоқ шығар. Қоғамға аса қажетті әлеуметтік маңызды мамандық иелерінің кәсіби мерекелері биыл ерекше аталып өтілмек. Өңіріміздің білім басқармасы осыған орай 10 күндік жариялады.

 

Күлпаш Қалғожина, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Ардагер ұстаздар, ел келешегін кемел етер жас мамандардың қатысуымен танымдық кештер ұйымдастырылады. Шеберлік сабақтары мен тәжірибе алмасуды көздейтін шаралар өтеді. Салауатты өмір салтын насихаттау үшін мұғалімдер спорттық жарыстарға түседі. Түрлі байқауларда біліктіліктерін сынау жоспарланған. Игі шарадан бірде-бір білім мекемесі шет қалмайды.

 

Елбасы білім жүйесін жетілдіруге қашан да үлкен көңіл бөледі. Бүгінде тәлім іздеген әр шәкіртке терең білім сіңіру үшін озық үлгідегі тың технологиялар қолданылады. Бұл ретте оқытудан жалықпайтын педагогтардың шеберлігін арттырып, мәртебесін көтеру аса маңызды.

 

Күлпаш Қалғожина, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінде облыста оқытушылардың біліктілігін арттырудың үш деңгейлі бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Екінші жыл қатарынан Үкіметтің қаулысына сәйкес “Үздік педагог”, “Ең озық жалпыға бірдей білім беру мекемесі” сынды байқаулар өткізіледі.

 

Бүгінде облыс бойынша 13 мыңнан артық ұстаз шәкірттерінің білгеніне білім қосуға септесіп жүр.

 

Жеңіс Ермұқанов