“Участок” шарасы қорытындыланды

Құқық қорғау органдары

15:37 23 Қыркүйек 2013

Облыс орталығында учаскелік полиция инспекторларына бекітілген 68 әкімшілік аумақ бар. Оған 1 225 көп қабатты үй мен 14 500-ден астам жеке сектордағы баспаналар енеді. Тұрғындар көп шоғырланған жерде крименогендік және әр түрлі қылмыстың орын алатыны жасырын емес. Сондықтан тәртіп сақшылары қыркүйектің 10-нан бастап республика көлемінде ұйымдастырылып отырған “Участок” жедел алдын алу шараларын жалғастыруда. Тексеру барысында сондай-ақ, қаңғыбастар мекен ететін жертөлелер, үй шатырлары мен құдықтар да назарсыз қалмады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары шара барысында қылмыстардың алдын алу мақсатында тұрғындарға профилактикалық кеңестер берді. Әкімшілік аумақтарды тексерудің нәтижесінде жедел алдын алу шарасы басталғалы 448 тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлға анықталып, 28 қаңғыбас қабылдап-бөлу орталығына жеткізілді. Сонымен қатар Петропавл қалалық ішкі істер басқармасында тіркеуде тұрған 1126 қала тұрғын тексерілді. Олардың 345-і уақытынан бұрын абақтыдан босап шыққан тұлғалар, 29-ы әкімшілік бақылаудағы жандар. Көше кезіп және қайыршы болып жүрген 37 кәмелетке толмаған жасөспірім де анықталды. Сөйтіп оның 5-і жасөспірімдерді бейімдеу орталығына жіберілді.

Бану Ахметова