Қоғам

Қайырымдылық сенбілігінде облыс боынша 80 млн теңге жиналды

 

Бірінші қалалық аурухананың қызметкерлері тырмауыш, күрекпен қаруланып, өздеріне бекітілген ауланы жинастыруға білек сыбана кіріскен. Бұл жерде тазалық шарасы таңғы 9-дан басталды. Аз уақыттың ішінде емдеу мекемесінің 100-ден астам қызметкері ауланы қоқыстан тазартып, ағаш түптерін әктеп шықты. Бибінұр Ыдырысова ауруханада санитар болып қызмет етуде. Қарттар күніне орай ұйымдастырылған сенбілікке қатысып, өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын дейді ол.

 

Бибінұр Ыдырысова, 1-ші қалалық аурухананың санитары:

-Біз апта сайын тазалық бейсенбілігін өткіземіз. Бүгінгі күні біз 1 күндік жалақымызды бөліп, қарттарымызға қол ұшын берудеміз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді.

 

Бұл күні қаладағы барлық мекеменің қызметкерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сенбілікке белсенді атсалысты. Дәстүрге сай қайырымдылық шарасынан мұғалімдер мен мектеп оқушылары да шет қалмады. №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушылары білім ошағының ауласын қоқыстан арылтты. Қала көшелерін тазартуға да үлестерін қосты.

 

Сергей Климушин, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

-Туған қаламның одан әрі әдемі де таза болуын қалаймын. Сондықтан, сенбілікке қуана атсалыстым.

Екатерина Балдук, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:

-Қаланың тазалығын сақтау, ересектердің ғана емес, сонымен қатар біздің де міндетіміз. Өйткені, көрікті қаламыздың тазалығы – біздің келбетіміз.

 

Облыстық кітапхана қызметерлері де қайрымдылық шарасы аясында өздеріне бекітілген аумақты қоқыстан арылтып, абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

 

Сайрангүл Темішева, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:

– Бүгін міне, қаламыз таза болсын деп өзге мекеме қызметкерлерімен жұмылып сенбілікке шықтық.

 

Бүгінде қалада 37 мың зейнеткер тұрады. Оның 206 ҰОС ардагері болса, 6,5 мыңы тыл еңбеккерлері. Аға буын өкілдері мемлекеттің қамқорлығында. Көмекке мұқтаждарына медициналық дәрі-дәрмек, қысқы отын тегін беріледі. Мұндай қайырымдылық сенбілігі жәрдемнің бір парасы ғана.

 

Қайрола Ғалиев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Аталмыш сенбілікке 1200 ұжым мен 30 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. Солардың арқасында қаламыздың ішінен 50 тонна қоқыс жиналып, полигонға төгілді.

 

Осылайша қарттар күніне орай “Әрбіріне қамқорлық пен мейірім” ұранымен ұйымдастырылған сенбілікке петропавлдықтар бір адамдай қатысып, туған қаланы көріктендіруге өз үлестерін қосты. Облыс бойынша 80 млн 339 мың теңге қаражат жиналған. Қомақты қаржыны өңірдің қарттары мен мүгедектеріне көмек көрсетуге жұмсау көзделіп отыр.

 

Берік Қасен