Білім

Түлектер кездесуі

 

 

М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің тарихы тереңде жатыр. Алғашқыда “Қызыл мұғалімдерге арналған курстарды” өткізген білім ошағында кейін еліміздегі алғашқы әдебиет үйірмесі жұмысын бастайды. Оны жерлесіміз, елге танымал жазушы, академик С.Мұқанов ұйымдастырған. Соның арқасында Иван Шухов, Жұмағали Саин, Әбділда Тәжібаев үлкен әдебиет әлемінде қанаттарын қатайтқан. Қазірде қазақ әдебиеті алыптарының атымен 4 кабинет, полилингвалды, ақпараттық орталықтар ашылған. 50 жылда ел жаңа дейді. Гуманитарлық колледждің бүгінгі жетістіктерімен оқу ордасында 50 жыл бұрын тәлім алған түлектер танысты. Солардың бірі ҚР құрметті ұстазы Валентина Кондратова. Ол бүгін киелі білім ошағының қатты өзгергенін айтады.

 

Валентина Кондратова, еңбек ардагері, ҚР құрметті ұстазы:

-Киелі білім ошағында соңғы жылдары ашылған мұражайды, ұлы тұлғалардың кабинеттерін көріп, таң-тамаша болдым. Біздің кезімізде мұндай кең мүмкіндіктер болмаған-ды. Қазіргі жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалғанына көзім жетті.

 

Валентина Кондратова педагогикалық училищеде алған мықты білімнің арқасында өмірінде үлкен белестерді бағындырған. Қазір құрметті демалыста жүрген ардагер ұстазды жас ұрпақ үлгі тұтады.

 

Бану Сайбанова, М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті:

– Менің колледжге түскеніме биыл 4 жыл болып отыр. Келесі жылы бітіремін. Маған сол уақыт аралығында колледж мұғалімдері жақсы тәрбие мен білім беріп жатыр. Енді, мен мұғалімге тән қасиеттердің барлығын бойыма сіңіріп, келешекте осы 50 жыл бұрынғы түлектер сияқты керемет азамат болып шығамыз деген ойдамын.

 

Алғаш ашылғанда не бары 40 тәрбиеленушіні қабылдаған білім ошағында биыл 1416 студент 12 мамандықтың қыр-сырын игеруде.

 

Ольга Зорина, М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің тарих пәні мұғалімі:

-Өзге білім ошақтары сияқты электрондық оқыту жүйесіне көшіп жатырмыз. Колледж қабырғасында студенттердің болашақта білікті маман болып шығуына барлық жағдай жасалған. Оған дәлел – оқытушыларымыз үздіксіз білімдерін жетілдіріп тұрады. Есесіне студенттерімізге деген сұраныс жоғары.

 

Аталмыш білім ұясынан келесі жылы 400 түлек үлкен өмірге қадам баспақ.

 

Берік Қасен