Бизнес және экономика

“Богатырский продукт” – Солтүстік Қазақстанда тамақ өнеркәсібі көшбасшыларының бірі

 

 

Людмила Анохинаның “Богатырский продукт” кәсіпорнында қызмет етіп жатқанына 14 жылдан асыпты. Қазір ол тұшпара өндірісі цехының меңгерушісі. Кәсіпорын құрылғанда барлығы қолмен жасалатын деп еске алады маман. Ал бүгіндері автоматтандырылған құрылғылардың арқасында жұмыс біраз жеңілденген. Қазір жартылай даяр астың 3 түрі шығарылады. Заманауи құрылғының арқасында серіктестік күнделікті 3-4 тонна өнім әзірлейді.

 

Людмила Анохина, «Богатырский продукт» ЖШС тұшпара өндірісі цехының меңгерушісі:

– Итальяндық қондырғының арқасында тұшпара әзірлеу жұмысы жеделдетілді. Тоңазытқыш бұрын 12 сағат қатырса, қазір жаңасы бар болғаны 40 минут ішінде өнімді қатырып, тезірек қораптарға салуға мүмкіндік берді.

 

Ал мына цехта макарон өнімдерінің 12 түрі шығарылады. «Байрон» маркалы өнімдер бидайдың жұмсақ сортынан жасалады. Көпшіліктің сұранысына әсіресе, «Тамерлан» кеспесі ие. Автоматтандырылған құрылғы қамырды өзі илеп, жайып, ұсақтап кеседі. Бұдан кейін кеспе 4 сағат пеште кептіріледі. Ал дайын өнімді қапшықтарға бөліп салатын қондырғыны кәсіпорын биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы сатып алған.

 

Наталья Попова, желі операторы:

– Мен мұнда екі жыл қызмет етемін. Жұмысым ауыр емес. Барлығы автоматтандырылған. Тетікті бассаң болды машина сен үшін бар жұмысты жүргізеді. Мен тек қадағалап отырамын.

 

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында серіктестік 1 млн 300 мың доллар көлемінде субсидия алған. Қомақты қаржыға кәсіпорын өндірістің жұмысын жандандыру мақсатында заманауи құрылғыларды сатып алыпты. Айталық мына «Мак- 600» қондырғысы тәулігіне 10 тонна макарон өндіруге қауқарлы. Бұдан өзге фотосепаратор мен 2 тоңазытқыш камерасы бар автомобиль алынған.

 

Евгений Бородин, «Богатырский продукт» ЖШС сатылым бойынша директоры:

-Кәсіпорын өнімдері Қазақстанда ғана емес, Ресейдің қалаларында да сұранысқа ие. Әзірге біз тұшпарадан басқа барлық тауарларды көршілес Челябі, Ишим, Түмен, Омбы қалаларына жеткіземіз. Өнімдеріміз барлық талаптарға сай дайындалады. Жаңа технологияларды игерудеміз.

 

Макарон, кеспе, шекілдеуік және тұшпара өндірумен айналысатын кәсіпорын бүгін журналистер үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырып, серіктестіктің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Жиналғандар өнімдердің дәмін татып, 15 жылдық тарихы бар мекеменің алдағы жоспарларымен танысты.

 

Вячеслав Семидоцких, «Богатырский продукт» ЖШС құрылтайшысы:

– Қондырғылардың 50 пайызы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында алынған. Тың жабдық өндіріс ошағының дамуын 3-5 жылға ілгерілетті. Биыл диірмен салуды қолға алдық. Соның арқасында өнімнің тағы бір түрін шығарамыз деген ойдамын.

 

Бүгіндері «Богатырский продукт» ЖШС-де 200 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің жемісті еңбек етуі үшін мұнда барлық жағдайлар жасалған. Серіктестік аумағында асхана жұмыс істейді. Кешенді түскі ас құны 240 теңгеден аспайды. Ал үздік деп танылған жұмысшылар жыл сайын Түркияға демалуға барады екен.

 

Мағжан Ахмадина