Денсаулық сақтау

Туляремиядан сақтаныңыз!

 

 

Республикалық семинардың солтүстік өңірде өткізіліп жатқаны кездейсоқ емес. Соңғы онжылдықта СҚО-да туляремиялық табиғи ошақтардың жандануы, соған сәйкес ауру жұқтыру қаупі артқан. Қазақстанда туляремия – өзекті жұқпалы аурулардың бірі ретінде танылған. Өйткені, қауіпті дертке шалдыққандар еліміздің барлық облыстарында тіркелуде. Науқастар кене, қан сорғыш жәндіктердің шағуынан, су егеуқұйрығы мен ондатрды ұстау салдарынан туляремияны жұқтырған. Аурудың алғашқы белгілері сан түрлі болуы мүмкін. Бастысы, мамандар оны дер кезінде анықтау керектігін айтады.

 

Кәкімжан Қыраубаев, ҚР ДСМ МСЭҚК  санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығының эпидемиолог- дәрігері:

-Туляремияның бактериясы адам ағзасына түскен кезде 1-ші бездерге барып тоқталады. Одан бездер ұлғайып, қоздырғыштар сол жерде топталады. Сол кезде аурудың бірінші белгілері адамға сыр береді. 1 кезде дене қысымы жоғарылайды. Және безге түскен микробтар кейін барлық адам ағзасына тарайды.

 

Сондықтан туляремия ауруы аңшылар мен орманшыларға ғана емес, сондай-ақ, кеміргіштер жүріп кеткен тамақ өнімдері, олар ластаған суды тұтынған қарапайым тұрғындарға да жұғуы әбден мүмкін. 2006 жылы туляремия дертін Қызылжар ауданынан 2 адам жұқтырған. Аурудың таралуын болдырмау үшін қауіпті жұқпалар бөлімінің мамандары облысымызда алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Жыл сайын туляремия бар деген табиғи ошақтар залалсыздандырылады. Және сол аумақтың тұрғындарына вакцина егіледі. Облыс көлемінде екпе жылына 17 мыңға жуық адамға қойылады.

 

Александр Мельниченко, ҚРДСМ МСЭҚК  СҚО бойынша департаменті санитарлық-эпидемиологиялық сараптама бөлімінің жетекшісі:

– Туляремия дерті – біздің өңір үшін өзекті проблемалардың бірі. Облыста туляремияның табиғи ошағында 9 әкімшілік аудан орналасқан. Бұдан өзге көршілес Ресей Федерациясында да осы сынды табиғи ошақтар табылған. Сондықтан, өңір тұрғындары үшін қауіпті ауруды жұқтыру мүмкіндігі де өте жоғары. Екпе жасау әр 5 жыл сайын қайталанып отыр. Вакцинация – туляреминың алдын алу мен болдырмауға үлкен сеп.

 

Республикалық семинар-жиында Қазақстанның барлық облыстары және Астана мен Алматы қалаларынан келген эпидемиолог, бактериолог дәрігерлер, зоологтар бас қосты. Өз ісінің мамандары мұнда тәжірибелерімен бөліспек. Мәселен, Алматы қаласынан келген зоолог Өмірбек Үсенов бүгін кеміргіштерден, кенелерден және жабайы аң-құстардың нәжістерінен туляремия адамға қалай жұғуы жайын қарастырмақшы. Ертеңгі машықтану тәжірибесінде зоопаристолог семинарға қатысушыларға табиғи ошақта болжам жасау, материалды жинау жайын  үйретеді.

 

Өмірбек Үсенов, ҚРДСМ МСЭҚК  санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы бөлімінің зоологы:

-Зоопаристолог тобын ұйымдастырудың негізгі мақсаты: бұл жерде 1-шіден, эктопаразиттерді, яғни кенелерді ерте көктемнен бастап жинап, олардың басым көпшілігі мен қандай түрлері бойынша қай жерлерде орналасқанын жинаймыз. Осымен қатар жылы қанды кеміргіштерді қалай жинау керек, оларға қақпанды қай жерге құру керек. Және ауылшаруашылықпен айналысатын тұрғындарды туляремиялық жұқпалы аурудан қалай қорғану  туралы біз жалпы семинарда түсіндірмек болып келіп отырмыз.

 

Жалпы “Туляремияның эпидемиологиясы және зертханалық диагностикасы” атты республикалық семинар 2 күнге жалғаспақ.

 

Берік Қасен