Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер ұлттық палата туралы заңды талқылады

 

 

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің ұлттық палатасын құру туралы заңды Үкімет пен «Атамекен» одағы» бірлесіп жасаған болатын. Сөйтіп, шілде айында ұсынылған құжат қыркүйектің 9-ынан бастап қабылданды. Аталған заңның мақсаты отандық кәсіпкерлерді қолдау, бір шаңырақ астына жинап, құқығын қорғау. Алғаш рет рәсімделген құжат бүгінгі жиынның тақырыбына арқау болды. Сондықтан бас қосқан солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер бұл бағытта өздерінің құқықтары мен заң жайында толық мәліметтер алды.

 

Рахым Ошақбаев, «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына мүшелік етуден жасқанбау керек. Оған шағын бизнес өкілдерінің 98 пайызы міндетті түрде мүшелікке енеді. Осылайша құқыққа ие болады. Ол бизнесмендерді қорғайды, кәсіби кеңес береді, қажетті көмекке қол жеткізулеріне септеседі. Ал жоғарыда аталғандардан басқа мұнай саласындағы және ұлттық ірі компаниялар, банктер міндетті жарна төлеулері керек.

 

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құру бұл заман талабы екенін жиынға қатысушылар жасырмайды. Сондықтан республикалық маңызы бар қалалар, облыс орталықтарында, аудандар мен моноқалаларда кәсіпкерлердің ұлттық палатасы филиалдарының ашылатыны жайында да айтылды. Бұл өз кезегінде бизнесмендердің тегін кеңес алуына мүмкіндік береді дейді олар. Сондықтан аталған заң шағын және орта бизнеске баса көңіл бөліп отыр.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Заң жобасын экспорттық кеңеске бергенде ол қаралған соң 40 пайызы қысқартылды. Оның ішінде бизнеске кедергі келтіретін көп мәселелер алынып тасталды. Сондықтан бәріміз аталған құжатқа бағынуымыз керек.

 

Бүгінгі күні елімізде 900-ге жақын бизнес-ассоциациялар жұмыс істейді. Соның ішінде “Сүт одағы” серіктестігінің 24 өкілдіктері бар. Соның бірі Солтүстік Қазақстанда орналасқан.

 

Сергей Чепурко, “Молсервис” ЖШС директоры:

– Аталған заңның барлық кәсіпкерлік өкілдері үшін пайдасы зор деп ойлаймын. Сондықтан әзірге болжау жасау қиын. Өйткені заң енді ғана күшіне енбек. Біз осы елдің азаматтары болғандықтан заңды ескеру керекпіз. Сондықтан алдағы уақытта осы палатаға кірмекпіз.

 

Жергілікті кәсіпкерлер сұрақтарына тұщымды жауап ала алған соң, ұсыныстарын жазбаша түрде білдірді.

 

Бану Ахметова