Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы министрі Солтүстік Қазақстандағы орақ науқанының барысымен танысты

 

 

Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков алдымен Тайынша ауданының астықты алқаптарын аралады. Мұндағы егінжайларда орақ қызу жүріп жатыр. Көктемде егіс даласының 500 мың гектарына дәнді дақылдар, 111 мыңына майлы тұқымдастар сіңіріліпті. Ауыл шаруашылығы алқаптарының 30 мың гектарна жуығы “Жаркөл” ЖШС-не тиесілі.

Серіктестік дәнді, майлы дақылдар, бұршақ тұқымдастарын және мал азығын өсіруге ден қойған. Осы күні дала басында 13 жоғары өнімді комбайн, тағы 3 тіркемелі және өздігінен жүретін 3 дестелегіш дамыл таппауда. Майлы дақылдарды жинау жұмыстарын шаруалар еңсеріп үлгерген, қалғаны – күнбағыс қана. Бидай егілген алқаптардың жартысыныдағы өнім бастырылған, бұл 4500 га.

 

Александр Кобзев, “Жаркөл” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

-Егіннің шығымдылығы жаман емес, әрине. Бірақ бұдан да жоғары өнім жинаймыз ба деген үміт болды. Бидайдың сапасы көңіл көншітерлік, дені 3-сыныпты. Сонымен қатар 870 бас ірі қара мал ұстаймыз. Сиырлар мен бұзаулар жайылымда, өзгесі Драгомировка елді мекенінің маңында семіртіліп жатыр.

 

Асылжан Мамытбеков солтүстікқазақстандық шаруалардың жұмысын жоғары бағалап отыр. Министр биылғыдай қолайсыз ауа райы жағдайында астықтың берекелігі техникалық мүмкіндіктер мен агроқұрылымдардың дайындығына байланысты екенін айтып отыр.

 

Асылжан Мамытбеков,ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

-Барлығы шаруалардың қолында. Әркім жоғары өнім алуға мүдделі. Алайда, ең қолайлы жылдың өзінде техникасын сайламаған, жанар-жағармай сатып алуға қаржысы жоқ шаруалар табылып жатыр. Үстіміздегі жылы да маңызды науқанға селқос қарағандары баршылық. Мысалы мына шаруашылық орақты қыркүйектің 10-ында бастаған. Соған қарамастан, астықтың жартысын жинап алды. Қолбайлау болатын мәселе жоқ, есесіне жұмыс та өнімді жүруде.

 

Тайынша ауданында маңызды науқан 73 пайызға еңсерілген. Орташа шығымдылық гектарынан 14 центнерден айналуда.

Бұдан соң министр Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС-де болды. Шаруашылық симментал, галштинофриз және қазақтың алабайларынан 600 бас ірі қара мал басын күтіп-баптауда. Асылжан Мамытбеков серіктестіктің астықты алқаптарын да аралады. Күзгі жиын-терім жұмыстары мұнда 60 пайызға орындалыпты. Барлық егінжайдың ауданы 10 мың га шамасында. Гектарынан 21 центнер өнім жиналуда. Майлы тұқымдастардың шығымдылығы да осы шамалас.

 

Біржан Шаймерденов, «Дайындык» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

-Күзгі ауа райы жұмысқа кедергі келтіруде. Таңсәріден шық түсетіндіктен жұмысқа ертеден кірісе алмаймыз. Орақта күн демей, түн демей еңбектенуге етіміз үйренген, бұндайға алғаш рет тап болып отырмыз. Бірақ соған қарамастан, астықтың 60 пайызын жинап үлгердік. Айдың соңына дейін бар жұмысты аяқтауға тырысамыз.

 

Үстіміздегі жылы Аққайың ауданында 200 мың гектарға тарта алқапқа дән сіңірілген. Орақ жұмыстары 77 пайызға еңсеріліпті. Жалпы облыс бойынша да астық жинау қарқыны жоғарылаған. Ауа райына қарамастан, өңір агроқұрылымдары бидайдың 68 пайызын құлатып, 56 пайызын соғып алған. 2 млн 700 мың тонна сары алтын қамбаға құйылды.

 

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-352 мың тонна бидай элеваторларға жеткізілді. 88 пайызы 3-класты. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Халықтың көңіл күйі жақсы, жалақыларын төлеп жатыр. Жанар-жағар май бар. Айдың соңына дейін бітіреміз деген ойдамын.

 

Кездесу соңында Асылжан Мамытбеков жерлестерімізге орақты ысырапсыз, мерзімінде аяқтауға тілектестігін білдірді.

 

Гүлмира Шоқтыбаева