Ауа райы

Ақпарат анық болуы керек

 

 

Дөңгелек үстел басталмас бұрын «Бәріміз бірдейміз- кемсітуді білмейміз» атты байқаудың «Алтын қалам» номинациясында жүлделі орынға ие болған мүмкіндігі шектеулі жандар марапатталды. Қазылар алқасының назарына 6 жұмыс ұсынылыпты. Патриоттық тақырыпта жазылған шығармалардың барлығы өзінің елге, отанға деген сүйіспеншілігімен қызықты болған. Дегенмен ең үздік жұмыс авторы болып – Ақжан Кәрім танылыпты. Ол 14 жасынан бастап өлең жазумен айналысады. Қазір 4 жинақты жарыққа шығарған. Осындай байқаулар адамдарға шабыт беріп, одан әрі дами түсуіне септеседі дейді.

 

Ақжан Кәрім, сайыс жеңімпазы:

– Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл өзіне деген сенімін нығайтуға, қоғамға керек жан екендігін дәлелдеуге септеседі. Маған шығармашылығымды шыңдауға көмектесті. Мен жалпы туған жер, отан, махаббат туралы тақырыптарда қалам тартқанды жақсы көремін. Сондықтан туындыларымның осындай жоғары бағаға ие болып жатқанына қуаныштымын.

 

Барлық сайысқа қатысушылар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал 1-ші орын иеленген Ақжан енді өңір намысын қазан айында Астанада өтетін республикалық кезеңде қорғайтын болады. Кейін тізгін дөңгелек үстел ұйымдастырушыларына берілді. Зәуре Жұмалиева өз баяндамасында БАҚ-тың діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тұрғысындағы орны жайлы сөз қозғады. Себебі ақпаратты халыққа жеткізуде журналистердің алар орны ерекше. БАҚ қызметкерлері қоғам арасында дау тудырмас үшін хабарды фактіге сүйеніп, анық жеткізгені дұрыс.

 

Зәуре Жұмалиева, «Әділ Арқа» өңірлік БАҚ қолдау» ҚҚ директоры:

– Экстремизм, терроризм сынды күрделі тақырыптарды жариялауда журналистік шеберліктің алар орны ерекше. Сондықтан жағдайды ушықтырмас үшін ақпаратты анық, әрі дұрыс көзқараспен жеткізе білу керек.

 

Іс-шара соңында қатысушылар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы журналистердің мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестігі тетіктерін жасау бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

 

Мағжан Ахмадина