Ауыл шаруашылығы

Дәнді дақылдарды жинау барысы облыс әкімінің бақылауында

 

Қызылжар ауданындағы “СБИ Агро Ташкентка” серіктестігінің биылғы жылғы егістік алқабы 8 мың гектар. Оның жартысын майлы, қалғанын дәнді дақылдар құрайды. Қазіргі күні екеуінде де жұмыс қарқыны қызу. Рапстың 40 пайызы толығымен жиналып алынса, 60 пайызы дестеге түсірілген. Бидайдың 5 пайызы бастырылса, 15-і құлатылыпты.

 

Жәлел Нұғыманов, “СБИ Агро Ташкентка” ЖШС агрономы, Қызылжар ауданы:

-Мына комбайндар қазір дестеге түсірілген майлы дақылдарды жинап жатыр. Гектар берекелілігі 15 центнерден айналуда.

 

Шаруалар қауымымен жүздескен облыс әкімі, орақ науқанының қарқынын арттыру керектігін атап көрсетті. Ауа райының қолайлылығын мейлінше пайдалану қажет.

“Большемалышенское” серіктестігінің егіс алқабы 1070 гектар. Қазіргі күні диқандар ырыс дәнін ысырапсыз жинап алуға бар күшті жұмылдырған. Соның арқасында жұмыстың 70 пайызын игеріпті. Ауа райы осылай тұрса, орақ науқанын 3-4 күнде аяқтамақ. Оған толық мүмкіндік бар.

 

Ерғали Ғабдулин, “Большемалышенское” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

-Өнімділік жоғары. Ауа райы қолайсыздық танытуда. Соған қарамастан күніне жалпы алқаптың 10 пайыздан астамын жинаудамыз. Алғаш себілген танаптардың шығымдылығы гектарына 15 центнерден артық өнім берген. Кейінгілері одан да жоғары. Бастысы астықтың сапасы жақсы.

 

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі “Окан Агро” серіктестігінің қырман басына ат басын тіреді. Олар да 6200 гектар алқаптың 60 пайызын жинап алған бүгінгі күні. Өнімділік 13 центнерден айналуда.

“Гончаровка” серіктестігінің осы жылы игерген жер көлемі 2600 гектар. Оның 600-ін майлы дақылдар құрайды. Бүгінде жалпы алқаптағы жұмыстар 70 пайызға орындалған. Берекелік орта есеппен 17 центнерді құрайды.

Танап басында заманауи 4 комбайын мен 3 тіркемелі жатка жұмыс істеуде. Қуаттылығы жоғары техникалар күніне 200 гектар алқапты игеруге мүмкіндік беруде.

 

Науан Дәуренбеков, “Гончаровка” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

-Орақ науқаны жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі күні майлы дақылдарды жинау – 70, ал дәнді дақылдарды бастыру жұмыстары 60 пайызға орындалды. Алғашқысының өнімділігі – 23, дәнді дақылдардікі орта есеппен 17 центнерден айналуда. Биылғы жыл жақсы болды.

 

Серіктестік егіншілікпен қатар мал шаруашылығын дамытуды да қолға алған. Қазіргі күні онда 85 жылқы, 170 бас симментал тұқымдас ірі қара бар. Оның 112-ін “Сыбаға” бағдарламасы арқылы сатып алыпты. Төрт түлік болғасын оған қыруар жем-азық қажет. Ол да оң жолға қойылған мұнда.

 

Науан Дәуренбеков,”Гончаровка” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Осы жылы 100 гектар жерге судан шөбін еккен болатынбыз. Оны екі рет шауып алдық. Маяланған шөп 300 тоннаны құрайды. Ол мал басына толығымен жеткілікті. Қыстан қысылмай шығамыз деп ойлаймын.

 

Көктемде төгілген маңдай тер ақталды. Егін бітік. Ендігі міндет ауа райының ашықтығын мейлінше пайдаланып, ырыс дәнін ысырапсыз жинап алу қажет.

 

Самат Есмағи