Ауыл шаруашылығы

Ақжар, Уәлиханов аудандарында орақ науқаны қарқынды жүргізілуде

 

 

Қолайлы ауа райын пайдаланып, “Бұланбай” шаруа қожалығы орақ науқанына тамыздың 28-інен кірісіп кеткен. Қазір егіс алқабында жұмыс қызу жүріп жатыр. Астығы орылып жатқан мына 400 Га аумаққа бидай егіліпті. Дәнді ысырап қылмай, жинап алу үшін танап басында 2 «К-700» бен 2 «Джондир» комбайны жұмылдырылыпты. Бидай қалған алқаптарда да 19 техниканың көмегімен қатарлас жиналып жатыр.

Ақжар ауданындағы Ұялы ауылдық округінің “Бұланбай” шаруа қожалығы 11 956 ГА аумаққа дән сеуіпті. Бүгінде астықтың 40 пайызын жинап алған. Өнім берекелігі мұнда гектарынан 20 центнерден айналуда. Биыл қожалық парға 14 мың га жерді қалдырған.

Қыстың қамын жаз ойлаған шаруалар 600 тонна мал азығын да әзірлеп қойыпты. Ауа райы қолайлы болса, шаруа қожалығының басшысы астықты дер кезінде жинап аламыз дейді.

 

Аманжол Атығожин, “Бұланбай” ШҚ басшысы, Ақжар ауданы:

– Алла жазса, бір 20 күннің ішінде орақ науқанын аяқтаймыз. 7 мың тоннаға дейін бидай жиналды. Барлық 20 мың тонна бидай жинаймыз деп отырмыз. Биыл біз 7 млн теңгеге субсидия алдық. Егіс алқабына. Тағы 250 тонна жанар-жағармай алдық. Бұл жақсы көмек.

 

Былтыр шаруа қожалығы не бары 6 мың тоннаға жуық астық жинапты. Биыл бидайдың шығымдылығы біршама жоғары.

 

Аманжол Атығожин, “Бұланбай” ШҚ басшысы, Ақжар ауданы:

– Бидайдың сапасы жақсы. Биыл 3 классқа келеді. Ылғалдылық 14-15 пайыз. Дәл қазір 18-19. Өйткені, алдыңғы күндері жаңбыр болды. Сондықтан қазір көтерілді. Егістіктен басқа мал шаурашылығымен де айналысамыз. Бір 240-тай жылқымыз бар. Болашақта оны тағы өсіреміз бе деген ойымыз бар.

 

Аудандағы “Бекет” фермерлік қожалығында да орақ науқаны қызу жүріп жатыр. 7 мың 700 га аумаққа дәнді дақыл себілген. Бидаймен қатар арпа, сұлы да егіліпті. Тамыздың 25-інен шаруалар жаппай ораққа кіріскен. Бүгінгі күні 5 мың гектарындағы өнім құлатылған. 3700 тоннасы жиналды. Бұл дәнді дақылдың 55 пайызы. Астық берекелігі гектарынан 20-22 центнерден айналуда. Танап басында барлығы 12 техникамен 40 жұмысшы еңбектенуде. Бұл қожалықта Ескендір Әбілдиннің комбайыншы болып еңбек еткеніне біраз жыл болып қалған. Жаңа техниканың арқасында күніне 150-200-тонна астық жинайды екен. Комбайншы үстіміздегі жылы былтырғыға қарағанда астық бітік шыққанын айтып отыр.

 

Ескенір Әбілдин, “Бекет” ФҚ комбайыншысы, Ақжар ауданы:

-Менің бұл қожалықта жұмыс істеп жатқаныма 17 жыл болды. Бұл мықты қожалықтардың бірі. Табысымыз да жақсы. Орақ науқанында жарты млн немесе 600 мыңға дейін аламыз.

 

Жалпы, бір күннің ішінде 300-400 га жердің дәні жиналады екен. Жауын-шашын түспесе, қожалық ору жұмыстарын 10-15 күннің ішінде аяқтамақшы. Сонымен қатар мұндағылар мал шаруашылығымен де айналысады.

 

Марат Шапенов, “Бекет” ФҚ басшысы, Ақжар ауданы:

– 300 бас қара мал ұстаймыз. Өткен жылы 98 бас әулиекөл тұқымын алғанбыз. Оның төлін көріп, 200 бастан 90-95 бұзау көрдік. Сонымен қатар жылқымыз бар 800 бас. Биыл қыс қатты болған соң 100 ғана құлын алдық. Жаңа комбайндар да алдық.

 

Ірі қара малды биыл Ақжар ауданындағы “Жарқын ЛТД” ЖШС де сатып алыпты. “Сыбаға” бағдарламасының арқасында 18 млн теңгеге 80 бас ірі қараны иемденген.

Ақжар ауданында 155 ЖШС пен ШҚ-тары бүгінде 64 500 га бидай бастырған. Бұл жиналған астықтықтың 35-36 пайызын құрайды. Өнім берекелігі ауданда гектарына 12,2 центнерден айналуда. Ақжар ауданы бойынша 2 элеватор жұмыс істеп жатыр. Бірі 200 мың тоннаға шақталса, екіншісі 89 мың тонна өнімді қабылдай алады.

 

Мұхит Тұрысбеков, Ақжар ауданының әкімі:

– Ақжар ауданында негізгі егін алқабы 264 900 га құрайды. Оның ішінде 94  500 га ордық, 386 комбайн жұмыс істейді.

 

Уәлиханов ауданында да орақ науқанының қызған шағы. “Жолдасбай-Агро” қожалығында 5 мың 300 Га алқапқа дән сіңіріліпті. Оның 220 гектары майлы дақылдарға тиесілі. 500 гектар – мал азығы. Мұнда өнім берекелігі гектарынан 25 центнерден айналуда.

Аталған қожалық мал шауаршылығына да ден қойған. Бүгінде әулиекөл тұқымдас 200 бас ірі қара бапталуда. Биыл Америкадан ангус тұқымдас 440 бас сиыр және 17 бұқа жеткізіліпті.

 

Сүйіндік Жолдасбаев, “Жолдасбай-АГРО” ФХ басшысы:

– Америкадан сатып алған ірі қаралар карантинде тұр. Әлі елге жеткізілген жоқ. Қазан айының 22-сі карантин аяқталып, ірі қаралар өңірге әкелінеді. Біз малдарды “ҚАЗАГРОфинанстың” көмегімен сатып алып жатырмыз. Алдағы уақытта да мал шаруашылығын ұлғайтсақ деген жоспарымыз бар. Оған арнайы орындарды да салып жатырмыз.

Аталған аудандағы “Қызылту-Астық” ЖШС-де де орақ науқаны қызу жүруде. Осы күні тұқым егілген алқаптың 45 пайызындағы өнім жиналған. Астық берекелігі  16,8 центнерден айналуда.

Жалпы Уәлиханов ауданында астықтың 54 пайызы бастырылған. Орташа өнім берекелігі га 14 центнерден айналуда.

Уәлиханов ауданында 27 ЖШС пен 129 шаруа қожалығы бар.

 

Бану Ахметова