Бизнес және экономика

“Даму-Көмектен” мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау жасалуда

 

3-топтың мүгедегі Руслан Долобаев алдағы уақытта ксерокөшірме жасау бөлімшесін ашуды көздеп отыр. 2 баланың әкесі осы күнде тренажер залында инструктор қызметін атқарып, нәпақа тауып келген-ді. Ендігі кезекте “Даму-Көмек” бағдарламасы аясында Руслан көптен армандаған ісіне бастау салатын көп функционалдық баспа құралына ие болды.

 

Руслан Долобаев, 3-ші топтағы мүгедек:

-Қазіргі уақытта мүгедек жандарға өз кәсібін дөңгелету оңай емес. Бұл жерде “Даму қоры” мен мемлекет көмекке келіп отыр. Көз ұзамай құжаттардың ксерокөшірмесін жасау, мәтіндерді басып шығару ісімен мықтап айналысуды көздеп отырмын.

 

Руслан бағдарлама туралы 1 жыл бұрын естіп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына” арыз жазыпты. Көмек қолын созар жандар табылғанына разы. Русланмен қатар бүгін құнды сыйлыққа Беловтар жанұясы ие болды. 2-топ мүгедегі Галина Беловаға тігін машинасы сыйға тартылды. Ал отағасы Александр Белов мұндай көмекті бір жыл бұрын алып үлгерген.

 

Александр Белов:

-Бағдарламаның шарапатын көріп келеміз. Өткен жылы маған осы шара аясында құрылыс жабдығын тарту еткен еді. Енді міне, жұбайыма тігін машинасы бұйырды. Қолдағысы әбден тозып, істен шыққан-ды. Тапсырыс берушілерімізді жоғалтпай, қайта тасымыз өрге домалайтын болды.

 

Бұл жолғы жәрдем акциясына «Дельта банк» қолдау көрсетуде. Жалпы аталған шара аясында қаржы институты республика бойынша 43 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге жәрдем берген. Даму қорының өкілдері жарымжан адамдарға қол ұшын бергісі келетін демеушілерді әріптестікке шақыруда.

 

Гульмира Зейнуллина, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚО филиалының менеджері:

-3 жылдың ішінде көмек көрсету туралы 30 өтініш түсті. Оның 26-сы қанағаттандырылды. Көмек қажет болған жандар біздің кеңсемізге келіп арыз жаза алады.

 

Мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсетуді қарастыратын “Даму-Көмек” бағдарламасына кез-келген жарымжан арқа сүйей алады. Бүгінде www.damu-komek.kz сайтында 1180 арыз тіркелсе, 784 отандасымыз қолдауға ие болды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева