Якорь мектебінің ұжымына жаңа мамандар қосылды

Білім

15:57 12 Қыркүйек 2013

Ольга Тулинова Якорь ауылында туып өскен. Мектепті бітіре салысымен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-не тәрбиеші мамандығы бойынша оқуға түскен. Биыл қолына диплом алып туған жеріне оралады.Мұнда ол мектепалды даярлық сыныбында сабақ береді. Тобында 18 бала бар.

Ольга Тулинова, жас маман:

– Маған ауылда жұмыс істеген ұнайды. Сондықтан оқу бітіргенде бірден өзім туып өскен ауылға келуді ұйғардым. Маған мұнда барлығы көмектеседі. Жақсы жағдай жасалған. Қазан айынан бастап ай сайын 20 мың теңге көлеміндегі көтерме ақы аламын. Жас маман үшін бұл жақсы қолдау деп ойлаймын.

Жас маманның жұмысына мектеп ұжымының да, балғындардың да көңілі толады.

– Ұстазымыз өте жақсы. Біз уақытымызды қызықты өткіземіз. Оқимыз, сурет саламыз, ойнаймыз.

– Ол мейірімді, әдемі. Барлығын жақсы түсіндіреді.

Якорь орта мектебінің негізі 1975 жылы қаланған. Қазір оқу ордасында 307 бала білім алуда. Сонымен қатар мұнда 50 орынға шақталған интернат бар. Онда жақын маңдағы ауылдардың балалары тұрып, білім алады. Мектеп жанында шағын орталық жұмыс істейді.

Алма Шашдәулетова, Якорь орта мектебі директорының ғылыми- әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары:

– Мектепте жаңа келген мамандар мен бұрынан істеп жүрген ұстаздар жұмыс жасайды. Жаңа келгендер заманауи технологияларды қолдану бойынша тәжірбиелерімен бөліссе, еңбек өтілі мол білікті оқытушылар балалармен қалай жұмыс жасау керек, қандай әдістерді қолданып сабақ жүргізу керек екендігін баяндайды.

Жалпы мектепке биыл 3 жас маман келген.

Мағжан Ахмадина