Мәдениет

Ожан Қалидың суреттер көрмесі

 

 

Ожан Қалидың мазмұны терең еңбектері бейнелеу өнері мұражайының бір бөлмесінен орын теуіпті. Әр суреттің тарихы әр қилы. Оған арқау болған тақырыптары да сан алуан. Қиялды сөйлетуге қарындаш, майлы бояу мен тушь қана қолданылыпты. Өнер иесінің туындыларында негізінен табиғат көріністері, ұлтымыздың ақын, сал сері, жыраулары мен батырлары бейнеленген. Қылқалам шебері мұны жасау үшін тарихи деректер негізіне сүйенген.

 

Валентина Воробьева, СҚО бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары:

-Мен ол кісімен замандас, жерлес болғаныма өте қуанамын. Ожан Амандықұлынан үйренетін нәрсеміз көп. Оның әр саладан хабары мол. Әрбір нәрсенің қыр-сырын жетік меңгерген. Өмірге қилы шығармашылық көзбен қарайды.

 

Қазір Ожан Қалидың жүзден астам еңбегі бар. Бұл суреттер әр кезеңдердегі түрлі байқаулар мен конкурстарға қатысқан. Кейбірі республикалық, одақтық көрмелерге қойылып, бірінші дәрежелі дипломдармен бағаланған. Соның бірі “Ақан сері Қорамсаұлы” портреті. Бұл жолғы көрмеде де оның шоқтығы биік тұр.

Ожан Қали суретшілікті бала күнінен өзіне серік еткен. Тіпті халқымыздың танымал қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтен майлы бояумен сурет салудан дәріс те алады. Ұстазы тіпті Ожан ағаның “Түнгі астана” деп аталатын суретіне өз батасын да берген.

Ожан Қалидың айрықша еңбектерінің бірі тарихымызда ескерусіз қалып бара жатқан 15 ғасырдағы Көшім хан көші. Ол мұнда Сүзге сұлудың ауыз әдебиетіндегі трагедиялық соңғы сәттерін сурет арқылы сөйлетіпті.

 

Жібек Жүзенова, СҚО бейнелеу өнері мұражайының экскурсия жетекшісі:

– Көрмедегі жиналған туындылардың ең маңыздысы тарихи тұлғаларға арналған. Және ескерусіз, есімдері ұмытылып бара жатқан ақындар мен сал- серілер, батырлардың портреттерін дүниеге әкелген. Ол портрет жанрынан басқа пейзажбен де айналысқан. Онда ол көп тақырыбын туған жері Сарманға арнаған.

 

Өнер иесі өз туындыларында аралас техника мен майлы бояуларды көбірек қолданған. Оның еңбектерінен тарихымызды да кеңінен тамашалауға болады.

 

Меруерт Әшімова:

-Мен осы жерге өз сыныптастарыммен жылда келіп тұрамын. Мен осы жерде көп тамаша маңдай термен жасалған суреттерді көрдім. Маған осы жер ғана ұнайды. Басқа жерге барғым келмейді.

Әлихан Қайроллаев:

-Мен де Олжан Қали атамыз сияқты суретші болғым келеді. Мында суреттер өте көп, маған ұнайды. Барлығы әр түрлі.

Ақжүніс Төлебаева:

– Осы суреттер маған қатты ұнап қалды. Мен сурет салған адамдарды жақсы көремін.

 

Бұл жолғы көрмеге жерлес суретші Ожан Қалидың 40-қа тарта еңбегі қойылған. Олармен өнер сүйер қауымның 10-қазанға дейін танысу мүмкіндіктері бар.

 

Берік Қасен