Қоғам

«Асыл ана» ҚБ төрайымы Теңдік Сәрсекеева марапатталды

 

 

Теңдік Сәрсекееева жастайынан өмірдің қатал сынына төзіп өскен жан. Бірінші топтағы мүгедек 34 жылын банк саласына арнапты. Кейін өзі сияқты мүгедек аналардың басын қосып «Асыл Ана» қоғамын құрады. Қазір бұл шаңыраққа 75 нәзік жанды жиналған. 29 тамызда Астана қаласындағы Ұлттық бизнес рейтингі тағайындайтын «Қазақстан даңқы» ордені мен «Қазақстан көшбасшысы 2013» медальдарына Теңдік Сәрсекеева да ие болған. 80-нен астам түрлі сала өкілдерінің басын қосқан алқалы жиында марапатталған жерлесіміздің қуанышы шексіз.

 

Теңдік Сәрсекеева, «СҚО асырауында балалары бар мүгедек аналардың «Асыл ана» қоғамдық ұйымы» ҚБ төрайымы:

-Қуанышым шексіз. Бұл әрі қарай да жақсы жұмыстар жасауға жетелейді деп ойлаймын.

 

Теңдік Сәрсекеева аталмыш марапатты осы уақыт аралығындағы еңбегінің жемісі деп біледі. Ол жетекшілік ететін ұйымға биыл 16 жыл толып отыр. Бірлестік мүгедек аналардың балаларына қамқорлық жасап, қанатының астына алған. Түрлі шаралардан да қалыс қалмайды.

 

Теңдік Сәрсекеева, «СҚО асырауында балалары бар мүгедек аналардың «Асыл ана» қоғамдық ұйымы» ҚБ төрайымы:

– Қамқорлық көрсетеміз. Мектепке дайындауға қолдау жасаймыз.

 

Жалпы Теңдік Сәрсекеева белсенді өмірлік позиция ұстанған жан. Жалғызбасты мүгедек аналардың проблемаларын ол бес саусағындай біледі. Өзі де екі баланы тәрбиелеп, қазір олардан 3 немере сүйіп отырған аяулы әже. Сондықтан да қиындыққа қарамастан әрдайым көмек қолын созып, оларға қолдау көрсетеді.

 

Мағжан Ахмадина