Қоғам

Мұрағат қоры электрондық нұсқаға көшіріліп жатыр

 

 

Мына аппараттың минутына 50 бетті басып шығаратын қауқары бар. Ағынды сканерден компьютерге көшірілген ақпараттар бірден серверлік орталыққа жіберіледі.

 

Рустам Бикенев, СҚО мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы:

– Электронды мұрағатта ағынды және кітаптық екі сканер бар. Олар 2 террабайт көлеміндегі ақпаратты сақтай алады. Ғимаратта серверлік база құрылып, локальді жүйе орнатылған. Құрылғылар құжаттарды  сандық үлгідегі форматқа айна-қатесіз бүлдірмей алмастыру үшін біраз уақыт қажет.

 

Қазіргі таңда мұрағат қорында 500 мыңнан астам құнды құжат сақталған. Ал облыс бойынша бұл көрсеткіш 1.5 млнды құрап отыр. 1 тамыздан бастап оларды электронды форматқа көшіру жүргізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 14 млн теңге қарастырылған. Бүгінде 127 іс сканерленіп, 51 607-і құжаттың электрондық нұсқасы жасалған.

 

Рустам Бикенев, СҚО мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы:

– Электрондық нұсқада көп ақпарат жиналған кезде, автоматты түрде есептік база құрылып, мұрағаттық қорларға жинақталады. Олар келушілер үшін құжаттың атауы немесе тағы басқа қосымша материалдар бойынша іздеуіне ыңғайлы.

 

Мұрағатшылар мұнымен шектелмек емес, алда аталған жүйені әлі жетілдіре түспек. Бұл мұрағатқа келушілерге де қолайлы және құнды деректердің әлі ұзақ жылдар сақталуына септеседі. Күніне мекемеге 30-40 адам келеді екен. Сондықтан осы бастаманы барлық солтүстікқазақстандықтар қолдаса нұр үстіне нұр болар еді дейді жобаның техникалық жағын қамтамасыз ететін «Интегро» компаниясының басшысы

 

Руслан Шарипов, «Интегро» компаниясының басшысы:

– Көбіне осы қызметті мекемелер қолданады. Сондықтан егер олар бірден өз құжаттарын электронды нұсқада бізге тапсырып отырса, онда бізге ол ақпаратты екінші рет сканерлеп отырудың қажеті болмас еді.

 

Ең алдымен электрондық нұсқаға аса құнды мемлекеттік құжаттар ауыстырылып жатса, екінші кезекте сұранысқа ие жәдігерлер көшірілмек. Кейін жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған құжаттар заманауи жүйеге енгізіледі. Бір күндік жұмыс емес, барлық маңызды жәдігерлерді көшіру үшін бірнеше жыл еңбек етуге тура келеді. Бүгіндері бұл жұмыспен 5 адам айналысады. Мұндағылар қызметкерлер саны артса, жұмыс одан сайын қыза түсетініне сенімді.

 

Мағжан Ахмадина