Құқық қорғау органдары

“Парасатты полицей” байқауы

 

 

Алғаш рет өтіп отырған “Парасатты полицей” өңірлік байқауына ішкі істер органдарының барлық құрылымдарының 110 қызметкері қатысып отыр. Сайыс мемлекеттік тілде өтуде. Сондықтан да құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қойылған талап та жоғары. 5 адамнан құралған команданың әрқайсысында кем дегенде екі өзге ұлт өкілі болуы керек.

Командалар 5 кезең бойынша сайысқа түсті. Ең алдымен олар өздерін жиналған жұртқа таныстырды.

Бұдан кейін әр бөлімнің полицейлері өз жұмыстарын сахналап, қойылым ретінде көрерменге жеткізді. Мәселен, бірінші болып “Отан” командасы шықты. Олардың көрінісінде 2050 жыл бейнеленген. Тәртіп сақшылары “Жедел бейнекеңес” отырысын өткізіп жатыр. Ал, ІІД нәзікжанды басқарады. Жиынды ашқан бұрымды қол астындағылардан атқарылған істерді баяндауды тапсырды. Бұл команда штаб, 2-ші арнайы бөлім, құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасынан құралған.

Байқауға медициналық бөлім, тылдық қамтамасыз ету және қаржы мен қамтамасыз ету басқармаларының қызметкерлерінен жасақталған “Парасат” командасы да қатысуда.

Ал, келесі “Солтүстік жұлдыздары” командасы жол полициясы қызметкерлерінің жұмысын көрсетті. Құрамаға әкімшілік полиция басқармасы, жол полициясы басқармасы және көші-қон полициясы енді.

Бұған дейін аудандық ішкі істер органдарының қызметкерлері сайысқа түскен болатын. Онда Тайынша аудандық ІІБ “Қыран” командасы бас жүлдені жеңіп алды.

Бұл облыстық байқаудан жеңіске жеткен командалар грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жалпы елімізде “Парасатты полицей” сайысы 3 жыл қатарынан өткізілуде.

 

Бану Ахметова