Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекет басшысы солтүстікқазақстандық диқандардың міндеттерін айқындап берді

Ағымдағы жылы теріскей диқандары 4,4 миллион гектар жерді игерсе, оның 3,6 миллион гектарын дәнді дақылдар құрайды. Дер кезінде басталып, уақтылы аяқталған көктемгі дала жұмыстары өз жемісін беруде. Астық шығымдылығы жаман емес. Бүгінде бірқатар шаруашылықтар орақ науқанын бастап та кеткен. Алайда ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде дейді шаруалар.
Күзгі дала жұмыстарын дер кездінде бастап, уақтылы аяқтауға толық мүмкіндігіміз бар. Техника әзірлігі мен жұмысшы күші жеткілікті. Элеваторлар да астық қабылдауға әзір.
Облысымызда атқарылып жатқан жұмыстарды көруге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жұмыс сапарымен келді. Президент өңір диқандарымен киелі Айыртау ауданында жүздесті.
Солтүстік Қазақстан аграрлы аймақ. Бізде өсірілетін ырыс дәні ел қамбасының 30 пайыздан астамын жабады. Мәселен тек ауылшаруашылығы саласындағы өндіріс көлемі ағымдағы жылдың алты айында 41 миллиард теңгеден асқан. Өзге салаларда да ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Ол жайында Елбасыға облыс әкімі баяндап берді.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

 

– Осы жылы жалпы егістік алқап 4,4 миллион гектарды құраса, оның 3,6 миллионына дәнді дақылдар себілді. Өңірімізде өсімдік шаруашылығын диверсификациялауға баса назар аударылуда. Осының арқасында биыл майлы дақылдар алқабы 55,6 мың гектарға ұлғайса, жем-азық танаптары 68,5 мың гектарға кеңейтілді. Ет өндірісі өткен жылдың мерзімімен салыстырғанда 105, сүт 105,6, жұмыртқа өндіру 113,1 пайызға жоғарылады. Төрт түлік саны да артып келеді. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың арқасы.

Өңіріміздегі жалпы ішкі тауар айналымы 128 миллион доллар болса, оның 57 миллионы импорт, 71 миллионы экспортқа жұмсалады. Баспана мәселесін шешуде алты айда 30 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, халықты тіршілік көзімен қамтамасыз етуде де келелі істер тындырылуда. Оның бәріне мемлекеттік көмектің арқасында қол жеткізіліп отыр. Бірақ бұл көрсеткіштермен тоқталып қалмаймыз, алда да сіздің қойған міндеттемелеріңізді тиісті деңгейде жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз деді сөзін қорытындылаған облыс әкімі. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда ел қазынасынан бөлінетін қаржы қомақты. Ауылшаруашылығы саласына бағытталған қаржыны теріскейдегі агроқұрылымдардың игеру деңгейін өз сөзінде ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков саралап өтті.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

 

-Ақмола, Қостанай облыстарымен салыстырғанда Солтүстык Қазақстан облысының жер құнарлығы жоғары, әрі ылғал қоры жеткілікті. Ол егіншілікпен қатар мал шаруашылығын дамытуға да қолайлы. Алайда егістік алқаптың 75 пайызын бидай танаптары алатын, бірақ биылғы жылы оны 250 мың гектарға қысқартып, есесіне майлы дақыл өсуріді осынша гектарға арттырған. Бұл жақсы көрсеткіш, десек те өңір әлеуеті одан да жоғары. Сондықтан диверсификацияға баса назар аудару керек. Мәселен Канадада егіс алқаптарының 50 пайызын майлы дақылдар құрайды. Біріншіден ол бидайдың түрлі ауруларға ұшырауының алдын алуға септігін тигізсе, екіншіден топырақтың құнарлылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан майлы дақылдар танаптарын ұлғайтуды әлі де жалғастыру қажет. Ол мал басын көбейтуге жол ашады, яғни қажетті жем азық қоры ұлғайды.

Ауылшауашылығын дамытудың жаңа концепциясы. Бұл Елбасының Қазақстан халқына арналған жолдауындағы негізгі басымдық. Соның бірі етті ірі қара, потенциалын арттырып, мал басын асылдандыру. Бұл ретте шаруалар қауымы мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау табуда.
Елбасы өңіріміздегі құс шаруашылығының даму барысын сұрап, ауылшаруашылығы тауар өндірушілері Кедендік одақтың тиімділігін мейлінші пайдалану керектігін атап көрсетті. Бүгінде елімізде өз өнімдеріміздге қарағанда сырттан келетін импорттың үлесі басым. Экспортты арттыру керек деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мәселен Қытайда жер телімдері жұмыс істеуге ниетті шаруаларға ғана беріледі екен. Бізде де ондайлар бар. Бірақ ол саусақпен санарлық. Солардың бірі Геннадий Зенченко. Елбасы аталмыш шаруашылық бүгінде жан-жақты дамып келе жатқандығын айтып, әр адам солай еңбек ету керектігін тілге тиек етті. Ондайларға мемлекет тарапынан қашанда қолдау болады.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев  өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Қай салада болмасын алға ілгерлеушілік бар. Десек те әлі де атқарар жұмыстар жетерлік. Оның дені аграрлық салағңа қатысты.
Елбасы айқындап берген басым бағыттар қатарында мемлекеттен бөлінген қаржыны орынды игеру, мал басын асылдандыру жұмыстарын одан әрі дамыту, егістік алқаптарын әртараптандыру міндеттері тұр. Оны тиісті деңгейде жүзеге асыру ел экономикасының одан әрі дамуына жол ашады деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жиынды қорытындылаған Ұлт көшбасшысы солтүстіккқазақстандықтардың жұмыстарына сәттілік тілеп , орақ науқанында мол астыққа кенелуіне тілектес екендігін жеткізді.

Самат Есмағи