Мәдениет

Солтүстікқазақстандық жас суретшілер халықаралық байқауларда көзге түсті

 

 

Салтанат Қоспанованың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы 6 жастан байқалған. Қазірден түрлі үйірмелерге қатысады. Анасының айтуынша, қызы суретінде көбінесе қазақ халқының салт-дәстүрін, соның ішінде қыз балаға қатысты әдет-ғұрыпты жиі бейнелейді.

Салтана Қоспанова 11-ші халықаралық фестивальге 1-ші рет қатысып, бірден конкурстың дипломанты атанды. Ол “Балтай музасы” 2013 сайысына “Қыз ұзату” деп аталатын туындысын ұсынған.

Конкурстың басты тақырыбы: «Әйел образындағы мемлекет, тарих, дін және тұрмысты суреттеу» болатын. Аталмыш байқау Литва Республикасының Вильнюс қаласында 7 – 10 маусым аралығында өткен-ді. Онда қазылар алқасына жас суретшінің туындысы бірден ұнап, олар Салтанат Қоспанованың жұмысын халықаралық көрмеге қойған. Оның туындысы “Қыз ұзату” тақырыбына арналған.

 

Салтанат Қоспанова, “Юнеско клубы” көркемсурет лицейінің тәрбиеленушісі:

-Мен халықаралық көрмеге қойылған суретімде ұлттық киім киген қазақтың қос бұрымды сұлу қызын бейнеледім. Онда мен аралас техниканы пайдаландым. Жалпы фонды көпіршікті реңктермен араластырдым. Ал кейіпкер қыздарды фломастермен боядым.

 

Ал Ксения Шостак Ресейде өткен “Көктемгі кемпірқосақ” өңіраралық конкурсына қатысып, 2-ші дәрежелі дипломға ие болды. Ол конкуста дәл осы натюрмортын ұсынған болатын. Ол осындай тұрмысқа қажетті шыны құтылардың суретін жиі салып, оның техникасын жақсы игеріп алыпты. Сондықтан да бұл жұмысын қазылар жақсы бағалаған.

 

Ксения Шостак, “Юнеско клубы” көркемсурет лицейінің тәрбиеленушісі:

-Мен гуашь техникасымен шыны ыдыстардан кескінделген натюрморттарды 3-сыныптан бастап салдым. Бұл – өте қиын жанр.

 

Рината Елеусізова да дәл осы конкурста өз жұмысын ұсынып, дипломант атанды. Ол суретінде теңіз жағалауындағы демалысты бейнелеген. Ал, 7 жасар Анастасия Тамбовцева өз өнерін Белоруссия елінде өткен “Өз елімде” конкурсына ұсынып, 30 мемлекеттен қатысқан үміткердің арасынан 1-дәрежелі дипломға ие болған.  Оқытушылардың айтуына қарағанда, Настя қанша кішкентай болса да, осы бейнелеу өнерінде оның ерекше бір стилі қалыптасқан. Сол себепті, оның жұмысы Жапон елінде өтетін халықаралық конкурсқа жіберілмекші.

 

 

Берік Қасен