Без категории

Редакция

РЕДАКЦИЯ

Ғизатова Дана Тұрсынқызы

МТРА қазақ редакциясының шеф редакторы

Семей облысы Мақаншы ауданында туған. Мектепті жақсы бағаға бітіріп, 1996ж. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне журналистика мамандығы бойынша түсіп, 2000 жылы бітіріп шықты. Қазір МТРА қазақ редакциясының шеф редакторы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ магистратурасында білімін жалғастыруда. Отбасын құрған, екі баланың анасы. Мақалалары республикалық басылымдарда жарыққа шыққан. Телеарнада еңбек еткен жылдары талай жас журналистің қаламының ұшталуына септесті. Шәкірттері республикалық БАҚ жемісті еңбек етуде.

Гүлмира Шоқтыбаева

МТРА қазақ редакциясының шеф-редакторы

Муниципалдық телеарнадағы алғашқы сюжеттерімді 18 жасымда университеттің бірінші курсын тамамдап, өндірістік тәжірибеден өту кезінде шығардым. Көп ұзамай, бас редакторымыздың ұсынысын қабылдап, ресми түрде жұмысқа тұрдым. Осылайша, университеттегі қалған үш жылым редакция мен аудиториялардың арасында өтті. Бірақ, бұл менің теориялық білім алуыма да, тәжірибемді шыңдай түсуге де еш кедергісін тигізген жоқ. Қайта екі істі қатар алып жүріп, тайм-менеджмент, тіл табысу, жауапкершілік сияқты қасиеттерімді нығайта түстім. Осылайша, араға үш жыл салып, университеттен қызыл дипломымды ала сала, редактор қызметіне дейін жоғарыладым.

Муниципалдық телеарнада жүрген 15 жылдың ішінде, сюжеттер мен репортаждар әзірлеп қана қоймай, жаңалықтардың жүргізушісі де болдым. «Диалог» бағдарламасының алғашқы авторымын, бағдарламаны декреттік демалысқа шыққанша әзірлеп, түрлі спикерлермен сұхбат жүргіздім. Кейін «Апталық шолу» бағдарламасын да бірнеше жыл дайындадым. Ал 2016-2017 жылдардың аралығында арнадан көрінбей кетуіме «Болашақ» бағдарламасы себепші болды. Елбасы берген мүмкіндіктің арқасында Ұлыбританияда екі жыл білім алып, «Халықаралық қоғаммен қатынас және глобалды коммуникациялар менеджментінің» магистрі атандым. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қолыма екінші «қызыл дипломым» тиді. Бірақ, өзім үшін шетелдік университте алған бағаларым емес, білім мен тәжірибе маңыздырақ. Сондықтан, көп ұзамай осы мамандық бойынша өз күш-жігерімді сынап көргім келеді. Одан бөлек, қажет болар деп меңгерген «заңгер» мамандығым бар. Ағылшын тіліне деген қызығушылықты да іске жарату керек.

Қазіргі уақытта арнадағы қазақ редакциясына бас-көз болып жүрмін. Бірақ, басшымызға айтқанымдай, әлі де облыс пен ел өміріне қатысты материалдар дайындап, авторлық жобалар әзірлегім келеді. Отбасым – менің тірегім. Жолдасым мен қызым жауапкершілігі мол жұмысыма түсіністікпен қарайды, әрқашан қолдау білдіреді. Сол үшін оларға шексіз ризамын.

Көп ұзамай Ұлыбританияда меңгеруді бастаған испан және жапон тілдерінде еркін сөйлеп, әлемнің түрлі елдеріне саяхат жасағым келеді. Сонымен, қатар, PhD дәрежесі де жақын болашақтағы мақсатымның бірі.

Данаш Жасұланқызы Хамзина

«Диалог» бағдарламасының жүргізушісі әрі редакторы

«Көкейкесті» және тематикалық бағдарламалардың редакторы

Мен Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Ақтас ауылының тумасымын. Бала кезімнен хирург болуды армандадым. Кейін көңілім ағылшын тілінің маманы болуға ауды. Бірақ, жаныма журналистика жақын екенін түсіндім.

Сөйтіп, 2008 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдадым. Негізі, өз еңбек жолымды студенттердің «Парасат» телестудиясынан бастаған болатынмын. Муниципалды телеарнаға 2007 жылы диктор және тілші ретінде жұмысқа орналастым. Бүгінде редактор лауазымында еңбек етудемін.

ТIЛШIЛЕР

Мағжан Ахмадина

жаңалықтар тілшісі

«Апталық шолу» бағдарламасының жүргізушісі әрі редакторы

Мен Есіл ауданындағы Мектеп ауылында тудым. “Жаңалық жаршысы” болуды бала кезімнен армандап, көгілдір экрандағы дикторлар мен жүргізушілерге еліктеп өстім. Арманыма қол жеткізу үшін 2008 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің журналистика бөліміне түстім. Ал 2013 жылдан бері Муниципалдық арнада еңбек етіп келемін. Содан бастап, канал менің екінші үйіме айналды. Осында көп нәрсеге үйрендім, төселдім, шыңдалдым. МТРА журналистер үшін жақсы мектеп. Мақсатым – бірнеше шет тілін меңгеру.

Байболат Бектемірұлы

тілші, жаңалықтар қызметінің жүргізушісі

1995 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты аядай ғана Қарақамыс ауылында дүниеге келдім. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде әскери қызметкер болуды қатты армандайтынмын. Әкем де осы мамандық иесі атануымды қалады. Алайда, неге екенін білмеймін, жоғары сыныптарға көшкенде жаңалық жаршылары – журналистердің жұмысына қызыға бастадым. Әсіресе, теледидардан хабар тарататын тілшілердің қызметі ерекше ұнайтын. Сол себепті, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ «Журналист» мамандығына оқуға түстім. 1-курста оқып жүргенде білім ордасының «Парасат» студенттер телестудиясына жұмысқа тұрдым. Ол жерде 1 жарым жылдай еңбек етіп, 2015 жылдың маусымында «Муниципалдық телеарнаға» ауыстым. Дәл осы шаңырақта қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметтің қыр-сырын меңгергеніме еш өкінбеймін. Бос уақытымда футбол ойнағанды, табиғат аясында серуендегенді жаным сүйеді. Болашақта Испания, Германия сынды елдерді аралағым келеді!

Эльмира Сәдуақасова

тілші, жаңалықтар қызметінің жүргізушісі

СҚО Мамлют ауданы Бостандық ауылында дүниеге келдім. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап тіл мен әдебиетке ерекше қызығушылығым оянды. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде «Айгөлек» республикалық балалар журналына тұрақты түрде өз шығармаларым мен өлеңдерімді жазып тұрдым. Сол уақыттан бері өмірімді журналистикамен байланыстыратыныма сенімді едім. Өсе келе бұл ойым бірнеше рет өзгерді. Тәртіп сақшысының формасына қызығып, полиция қызметкері болғым келді. Қазақстандықтардың құқығын қорғап, адвокат боламын дедім. 10-шы сыныпта оқып жүргенімде бұл ойларым су сепкендей басылды. Астана қаласында өткен жас тілшілер форумына барып, еліміздің белді де беделді жаңалықтар жаршыларымен кездестім. Дәл осы жерде журналистиканың қаншалықты қызықты мамандық екенін түсіндім. Қожаберген жырау атындағы №6 мектепті тәмамдаған соң М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға оқуға түстім. Муниципалдық телеарнада 18 жасымнан бері еңбек етіп, әріптестеріммен бірге теріскейліктерге өңірдегі соңғы жаңалықтарды жеткізудемін. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Ұжымдағы журналистерден үлгі алып, әлі үйренерім мол. Болашақта қазақстандық арнаның шетелдегі меншікті тілшісі болуды армандаймын.

Мөлдір Мақышева

Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданына қарасты Баян ауылында дүниеге келдім. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап қазақ тілі мен әдебиетке деген ерекше қызығушылығым оянды. Сол себепті, мұғалім болуды көздедім. 11 жыл бойы осы мамандықты таңдайтыныма сенімді болған едім. Ең қызығы, әжем «Жалын» журналындағы Мөлдір есімді тілшінің жолын қуып, үлкен журналист болсын деп атымды Мөлдір қойыпты. Сол себептен болар, мектепті аяқтағаннан соң, бүйрегім осы мамандыққа бұрды. 2013 жылы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепті аяқтағаннан соң, өз қалауыммен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға «журналистика» мамандығына оқуға түстім. Осы уақыт аралығында репетитор болып қосымша жұмыс та істедім. 2017 жылдың қарашасынан Муниципалдық телеарнада еңбектеніп келемін. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Болашақта өзімнің авторлық бағдарламамды ашсам деймін. Елімді елең еткізетін тың дүние ойлап шығару да жоспарда бар. Бос уақытымда волейбол ойнап, өлең шығарғанды жаным сүйеді.

Саят Ермек

1997 жылы Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылында өмірге келдім. Бала кезімнен шығармашылыққа жақын өстім, ал мектеп қабырғасында оқып жүргенімде «Болашақ журналистер» клубына мүшелік етіп, радио-бейне репортаждарды жасауға машықтана бастадым. Осылайша жаңалықтар жаршысы – тілші мамандығына деген махаббатым оянды. 2014 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Журналистика» мамандығына оқуға түстім. Екінші және үшінші курстарда оқи жүріп, «Парасат» студенттік бағдарламасын жүргіздім, әрі сонда тілші қызметін атқардым. Ал 2017-нің жазында Мунципалдық телеарнаға қызметке тұрдым. Мұнда өзіме тән журналистік стилімді қалыптастырып, оқиға орнынан тартымды әрі түсінікті ақпарат беруге машықтанып келемін. Материалдарымды еліктеулерден аулақ, өзгелерден ерекше етіп, шығармашылыққа жол бере отырып жасауға тырысамын. Қазақ әдебиетін жаным сүйеді. Лирикалық романдарды көп оқимын. Жүрегіме жол тартқан туындылардың көшін С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» және Сафуан Шәймерденовтың «Инеш» романдары бастап тұр. Сондай-ақ испан кинемотографиясы қатты қызықтырады. Жақын болашақта осы елге саяхат жасауды көздеймін.

Дана Сәлімқызы

Мен Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласында дүние есігін аштым. 2002-2013 жылдар аралығында Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде білім адым. Биге әуес болғандықтан, мектеп қабырғасында би үйірмесіне қатыстым. Одан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене ат салысатынмын. Сондықтан, өз өмірімді журналистика кәсібімен байланыстырамын деген шешімге келдім. 11 – сыныпты аяқтағаннан соң, осы ойымды жүзеге асыру мақсатында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға тілші мамандығына оқуға түстім. Осы аралықта «Қызылжар су» ЖШС-де хатшы болып жұмыс істедім. Алайда, қолыма диплом алған соң, өзімді корреспондент ретінде байқап көргім келді. Осылайша, 2018 жылдың ақпан айынан бастап Муниципалдық телеарнаға жұмысқа кірдім. Болашақта қызмет бабымен шет елдерге саяхаттау жоспарымда бар.

Бақыт Сәдуақасов

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Бостандық ауылының тумасымын. Мектеп қабырғасынан-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіспеншілікпен меңгеріп, болашақ мамандығымды тіл саласымен байланыстыратыныма сенімді болдым. Білім ұясын тәмамдаған соң мұғалім болуға құлшынысым артып, қаладағы колледждердің біріне оқуға түстім. Оқушы кезімде отандық телеарна тілшілерінің жаңалықтарына құлақ түріп, қызыға тамашалайтынмын. «Мақсатың айқын болса, алынбайтын қамал жоқ» демекші, 2013 жылы жергілікті «Муниципалдық телеарнада» тағылымдамадан өтіп, тілшілік қызметтің қайнаған қазанына түстім. «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген халық даналығын жаныма серік етіп келемін. Тәжірибесі толысқан журналистерден үйренерім көп. Ауыл шаруашылығы мен әскери қызмет тақырыбында қалам тербеу жаныма жақын.

Тоғжан Ақмағамбетова

1995 жылы СҚО Есіл ауданы Бірлік ауылында дүниеге келдім. Бала кезімнен туған тарихымызды танып-білуге деген құштарлығым және қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігім жоғары болды. Сол себепті мектеп қабырғасында тарих және география пәндерін зор қызығушылықпен оқыдым. Оқушы кезімнен заңгер болуды армандаған едім. Бірақ, есейе келе болашақ мамандығымды журналистика саласымен байланыстырғым келді. Сөйтіп, мен 2013 жылы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ қалаған кәсібім бойынша оқуға түсіп, 4 жылдан соң дипломымды қолға алдым. Сол уақыт аралығында теориялық білім алып қана қоймай, жергілікті телеарналардың бірінде тәжірибе ұштастырдым. Қазіргі таңда Муниципалдық телеарнадағы білімі мен білігі толысқан кәсіби журналистерден білмегенімді үйреніп, өзімді өз ісінің маманы ретінде қалыптастыру үстіндемін.

Берік Қасен

Табиғаты көркем, талай ұлыларды тудырған аққайыңдар өлкесіндегі Шал ақын ауданына қарасты Ысқақ Ыбыраев ауылында дүниеге келді. Құлеке батырдың (Шал ақынның әкесі) сегізінші ұрпағы. Сөйлей-сөйлей шешен болу, көре-көре көсем болу деген бала кезгі арманын күні бүгінге дейін берік ұстанып келеді. Көпшілікті ұнатады, әркез ортаны таңдайды. Бүйрегі бұрған, бұйырған БАҚ саласына 2013 жылдың жазында келді. Содан бері тілші міндетін табысты атқаруда. Өткір тақырыптарда сюжеттер жасау арқылы қызылжарлықтардың көкейкесті мәселелерін шешуге болады деп есептейді. Бірақ, әзірге «Тірі жанға пайдам тиген жоқ», – деп қынжылады. Бұл жұмыста көп біліп, аз сөйлеуді үйренді. Респондеттердің телефон нөмірлерін жазып алып, информация керек болғанда оларға қайта-қайта қоңырау шалып мазаларын алуды әдетіне айналдырды.

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің дипломы қолында. Дәнекерлеуші мамандығын да меңгерген. Әскери билеті бар жігітіміз мылтықтан оқ ата алады.