Спорт

Петропавлда алғаш рет стрит воркауттан турнир өтті

 

Стрит воркаут – көше спортының бір түрі. Соңғы 2 жылда бұл спорт біздің облысымызда да дами бастады. Бұндай жарыс Петропавлда алғаш рет өткізіліп отыр. Дегенмен, стрит воркаутта өз бағын сынап көрем деушілердің қатары аз болған жоқ. Барлығы – 25 адам. Белтемір сынында спорттың бұл түрімен енді ғана айналысып жүргендер де өз өнерлерін көрсетті. Темірді ырқына бағындыра білген жігіттер ұршықша айналып, жиналған жұртты ептілігімен таңқалдырды. Бұндағы спортшылардың стрит воркаутта өз стильдері бар. Сергей Кузьмин “Джим Барр” стилінде өнер көрсетті. Оның спорттың бұл түріне ден қойғанына 1 жарым жылдың жүзі болған.

 

Сергей Кузьмин, жарысқа қатысушы:

– Стритворкауттың үш түрі бар. Мен екінші түрі “Джим Баррмен” айналысамын. Бұл спорт маған ерекше ұнайды. Осындай турнирлер жиі ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді.

 

Стрит воркаут турниріне қатысушыларға екі минут берілді. Осы уақыт аралығында жастар өздерін көрсете білуі қажет. Турнирді ұйымдастыруға Петропавлдағы жастар ұйымының белсенділері мұрындық болған.  Қалалық турнирде жеңіске жеткендер кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

 

Бану Ахметова