Билік

Самат Ескендіров жаңа сайланған әкімдермен кездесті

 

 

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру тұрғысында тұңғыш рет ауыл әкімдері сайланды. Жергілікті мәслихат депутаттары жасырын түрде дауыс беру арқылы таңдау жасады. Көпшіліктің қалауымен аудандық маңызы бар 4 қала мен 190 ауылдық округ әкімдері сайланды. Өңірдегі елді мекендердің жаңа басшылары 571 үміткерден таңдалды.

 

Нәтижесінде 142 бұрынғы әкім орындарын сақтап қалса, өзгелері – жаңа жетекшілер. Лауазымды қызметке кірісіп кеткендердің барлығы облыстық әкімдікте бас қосты. Оларды құттықтаған аймақ басшысы қызметтік аялары біршама кеңейтілгенін ерекше атап өтті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Штаттық құрам 227 адамға толықты. Осының арқасында ауылдық округ әкімдерінің штаттық құрамы 198 маманмен нығайтылды. Оларды қамтамасыз етуге 70 млн. теңге бөлінді. Елді аймақтардағы атқарушы билік өкілдерін бұндай қолдау соңғы 10 жылда болмаған. Осылайша, жаңа басшы жергілікті жерде тиімді жұмыс жасау үшін қажетті кадрлық және қаржылық ресурспен нығайтылған. Аудан жетекшілеріне жаңадан сайланған селолық әкімдердің заң шеңберінде тыңғылықты жұмыс атқаруларын қамтамасыз етуді тапсырамын.

 

Өңір жетекшісі сайлаудан сүрінбегендерге бірқатар бағыт бойынша ауқымды іс атқару керектігін атап көрсетті. Әсіресе, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға ден қойған жөн деді. Айта-айта жауыр болған жол мәселесіне басымдық беруді жүктеді. Соңғы уақытта ауылдықтардың қатынауы мұңға айналып бара жатқанын тілге тиек етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Биыл жолдарды жөндеп, қалпына келтіруге 5 млрд. теңгеден артық қаражат бөлінді. Бұнымен қомақты қаржыны талап ететін сала мәселесін түпкілікті шешу мүмкін еместігін түсінеміз. Бірінші кезекте тым тозған жолдарды жаңғырту керек. Бұл жағын дұрыс ұйымдастырып аса қажетті деген аумақтарды таңдаған жөн. Жергілікті агроқұрылымдармен бірлесіп ауыл арасын байланыстыратын жолдарды жөндеуге дайындап қою керек.

 

Ауылдықтарды сапалы ауыз сумен қамту жағы да өзекті. Биыл тіршілік көзін тартуға 2,4 млрд теңге қарастырылған. Шамамен 150 шақырым  құбыр төселмек. Энергия үнемдеу жағын да ұмытпаған жөн. Самат Ескендіров жылыту маусымына уақтылы дайындалуға қарқын қоса түсуді жүктеді. Қауырт кезеңге әзірлік Тимирязев, Мамлют, Шал ақын және Ақжар аудандарында сылбыр жүріп жатқанын сынға алды. Абаттандыру шараларынан бір де бір ауыл шет қалмауының да маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімі қылмыспен күрес жолында учаскелік инспекторлардың тапшылығын тез арада шешкен абзал болатынын еске салды. Кәсіпкерлікті дамыту керек. “Бизнестің жол картасы бағдарламасының” мүмкіндігін пайдаланғандардың тек 27 пайызы – ауылдықтар. Жиында білім, денсаулық, спорт, мәдениет салаларын жетілдіре түсу талабы да қойылды. Өңір жетекшісі өз сөзінде астықты өлкенің бар әлеуетін іске асыруға ерекше басымдық беруді баса айтты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Мемлекеттің қолдауы арқасында техникалық парк жаңартылуда. “ҚазАгроФинанс” АҚ арқылы лизингке 16,4 млрд. теңгенің 1032 ауыл шаруашылық техникасы алынды. Алайда селолық округтердің барлығында бірдей қажетті агрегаттар қоры толық емес. 194 ауылдық округтің тек 32-де ғана техника жеткілікті. 125 округте мүлдем тұқым жаңартылмайды. Осы жағын ескеру керек.

 

Сондай-ақ, мал шаруашылығы әлеуетін арттыру үшін жергілікті төлдерді асылдандыруды қолға алуды ұмытпаған жөн. Самат Ескендіров жиынды Елбасының сөзімен қорытындылады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Сіздердің еңбектеріңізге азаматтардың әл-ауқатының жақсы болуы тікелей қатысты. Сіздер келесі сайланатын әкімдерге сапалы жұмыс жасаудың үлгісін көрсетуге тиіссіздер. Жаңа басшылардан Елбасы мен халық осыны күтеді. Ел үмітін ақтап сенімге ие болатындарыңызға тілектеспін. Тұрғындардың игілігі қамында заңды сақтайтындарыңызға сенім мол. Қаймағы бұзылмай бірлігі жарасқан отандастарымыздың тату тірлігіне сызат түсірмеу керек.

 

Жиналғандарды ел үшін маңызды саяси науқанның жемісті аяқталуымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков та құттықтады. Таңдау жасалып, алдағы іс-жоспар құрылды, тапсырмалар жүктелді. Ендігі мақсат – 4 жылға сайланған ауылдың беткеұстары артылған жүкті абыроймен атқарып, халық сенімін ақтауы тиіс.

 

Жеңіс Ермұқанов