Денсаулық сақтау

Балалар денсаулығы бақылауда

 

Дәрігерлер 3 жастан бастап 15 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын ара-тұра сауықтырып тұрған жөн дейді. Әсіресе, жаңа оқу жылының қарсаңында барынша шынығып алуға кеңес береді. Қалалық балалар емханасының қызметкерлері келешек ұрпақтың саулығына баса мән беруде. Ерхан Мақсұтов күндізгі стационарда емделуге биыл тағы келді. Ол мұнда денсаулығын түзеп қана қоймай, демаламын дейді. Мәселен, Ерхан қазір денені босаңсытып, жанды тыныштандыратын әуезді ән тыңдап жатыр. Хош иісті лимон, мандарин т.б. жемістердің иісі бар май құйылған арома шамы жағылып тұр. Оның  жұпар иісі барлық бөлмеге тарап, демалып жатқан жеткіншектерді жайлы әсерге бөлеуде. Бұл – емхананың жетістігі рефлекстік ароматерапия деп аталады. Алтынай Садуова балаларымен осында жиі келеді екен.

Алтынай Садуова:

– Менің 2 балам да гастроэнтеролог пен невропотологта есепте тұр. Олар мұнда бірнеше жыл қатарынан ем-дом алып жүр. Дәрігерлер жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, балалардың көңілін жақсы табады. Сол себепті, біз мұнда жиі келеміз.

 

Жаз келісімен бұл медициналық мекемеде 125 жеткіншек емделген. Күндізгі стационар меңгерушісінің айтуынша, бүгінгі күнде жас өрімдер арасында созылмалы ішқатпасы жиі кездеседі. Бүгінде 38 науқас түскен.

 

Ирина Миронова, қалалық балалар емханасының күндізгі стационар меңгерушісі:

-Жыл басынан тамызға дейін емханамызда балалардың 74 пайызы денсаулықтарын жақсартып алды. Олар күндізгі стационарға 8 күнге жүйке, ас қорыту жүйесі, семіздік, тірек-қимыл аппараты, созылмалы тонзилит, аденоид және көз ауруларын емдеуге келеді.

 

Мұнда, физиоемдеу, массаж, жылыту әдісі қолданылып, ағзаға пайдалы шөп қосылған шай да беріледі.Мұнымен қоса дәрігерлер жазғы сауықтыру лагерлеріне барып, ондағы балалардың да денсаулығын жіті қадағалайды.

 

Лидия Барменбаева, қалалық балалар емханасы әлеуметтік-психологиялық алдын алу бөлімінің аға медбикесі:

-Биыл “Аққайың” және “Достық” лагерьлерінде 4 ауысымда 1554 жеткіншек денсаулығын жақсартты.  163-і – диспансерлік есепте тұрғандар. Олар салқын сумен шомылып, дәрумендер мен фитотерапия және түрлі дене жаттығуларының арқасында бір шынығып қалды.

 

Жалпы, жыл басынан мұндағы күндізгі стационарда 500-ге жуық бала ем-дом алған.

 

Берік Қасен