Спорт

Аулалық клубтар арасындағы спартакиада

 

Спартакиадаға 11 балалар мен жасөспірімдер клубы қатысуда. Жеткіншектер шағын футбол алаңында жақсы ойын өрнегін көрсетуде. Бұл жерде бірден екі жақтағы алаңда қызу тартыс жүріп жатыр. Төрешілердің айтуынша, құрамалардың ішінде ең мықтысы – көк жейде киген “Ровесник” командасы. Өйткені оның құрамында әуесқой ойыншылардан басқа, спорт мектептерінде тыңғылықты жаттығып жүрген 4 спортшы бар. Айтпақшы, команда осыған дейін өз есесін ешкімге жібермеген. Үнемі қанжығаларын жүлдемен майлап келеді. Осы ойында да олар “Достық” құрамасын 4:1 есебімен жеңді.

 

Дәулет Оразов, “Ровесник” балалар мен жасөспірімдер клубының тәрбиеленушісі:

-Мен №32  мектепте жаттығып жүрмін. Маусым сайын осындай жарыстарға қатысамын. Бүгін шағын футболдан 6 тур өтті, енді 3-уі қалды.

Лелюк Игорь, “Ровесник” балалар мен жасөспірімдер клубының тәрбиеленушісі:

-Мен спортпен өзім үшін айналысамын. Әсіресе, осындай жарыстар менің спортқа деген қызығушылығымды арттырады.

 

Осындай жарыстардың нәтижесінде мықты спортшылар анықталып, қала құрамасына іріктелетін болады.

 

Ринат Аминов, бас төреші:

– Бүгін сайыс алаңына 200-ден астам спортшы өз клубының намысын қорғауға келді. Олардың дені 12 мен 16 жас аралығында. Жарыс барысында көзге түскендерін қалауы бойынша қала құрамасына аламыз. Кейін олар келер аптада өтетін республикалық спартакиадада біздің өңірдің намысын қорғайтын болады.

 

Өз жемісін беретін игі шараның өтуіне “Нұр Отан” ХДП Петропавл қалалық филиалы да тікелей мұрындық болған. Және бұл ойын Петропавлдың айтулы күніне арналып өткізілуде. Сәйкесінше, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 17 тамызда болады.

 

Берік Қасен