Қоғам

“Қолжетімді баспана” және “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы

 

Петропавлда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 14 үй салынып жатыр. Бұл 710 отбасыны баспанамен қамтуға септеспек. Бұлардағы құрылыстың барысын 4 партиялық бақылау бекеті қадағалайды.

 

Сайран Хамзин, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары:

– «Береке» ауданында жас отбасыларға арналған 7 үй тұрғызылуда. Жүргізілген тексеріс жұмыстарының нәтижесінде құрылыстың кестеден сәл кешігуін байқадық. Кейбір материал мен құрал-жабдықтың жетіспейтіндігін анықтадық.

 

Жас отбасыларға салынып жатқан үйлер ағымдағы жылдың күзінде тапсырылуы керек болатын. Алайда, оларды қолданысқа беру уақыты кейінге шегеріліп отыр.

 

Қайролла Галеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Уақытында қаржыландырылмағандықтан үйлерді тапсыру 2014- ға шегерілді. Енді, қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

 

Комиссия мүшелері алдағы уақытта мұндай олқылықтарды жібермей, бақылауды күшейту керектігін айтты. Өйткені, өңірімізде баспана кезегінде тұрғандардың саны 8 мыңнан асады. Жиында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының орындалу барысы да талқыланды. Қолға алынған екі жылдың ішінде жобаға 6 мыңнан астам адам қатысқан.

 

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

– 2012 жылы бағдарламаға қатысып, арнайы даярлықтан өткен 1574 адамның 1283-і тұрақты жұмыс орындарына ие болды. Бұл 81,5 пайызды құрап отыр. Әлеуметтік жұмыс орындарымен 1939 адам қамтылған.

 

Бағдарлама арқасында өңірдегі жұмыссыздар саны 5,8 пайыздан 5,2-ге дейін қысқарып отыр. Онымен қоса 2013 жылы облысымыздың 7 ауданында 82 пәтерлі 60 үй салынбақ. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 514,8 млн.теңге бөлінген. Партиялық бақылау комиссиясы бұл жобаның да іске асырылуын өз қадағалауына алды.

 

Мағжан Ахмадина