Спорт

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада

 

Шағын футбол, дартс, әйелдер арасындағы эстафета, допты баскетбол торына көздеп лақтыру және командалық жарыс. Спорттың осы түрлері бойынша алаңға жиналған 200-ден астам мемлекеттік қызметші өздерінің дайындықтарын көрсетті.

 

Валерий Евдокименко, Петропавл қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің инспекторы:

-Өзіндік ерекшелігі бар спартакиада. Мұнда кәсіби спортшылар емес, үнемі компьютер алдында отырып, қағазбен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер жарысуда. Бұл – олар үшін мереке деп есептеймін. Себебі, таза ауада спортпен шұғылданып, өздерінің дене дайындықтарын шыңдауда.

 

Зағира Рахматулина мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылып отырған жарысқа алғаш рет қатысуда. Бұл ұжымды біріктіріп қана қоймай, әрбір адамның қабілетін көрсетуге септеседі. Сондықтан, спорттық тартыстар жиі өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді дейді маман.

 

Зағира Рахматулина, Петропавл қаласы жұмыспен қамту бөлімінің маманы:

– Дайындығымыз жақсы. Осындай спартакиадалар жиі болып тұрса екен дейміз.

 

Бір сәт жұмыстан босап, спортпен шұғылдануды дәстүрге айналдырған мемлекеттік қызметшілер жасыл алаңда да шебер екендіктерін байқатты. Спорттың 5 түрінің арасында ең тартысты өткені осы футбол болды. 12 команданың әр мүшесі жарысқа ерекше ықыласпен дайындалып, ұзақ уақыт бойы жаттыққан. Мына алаңда білім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің мамандары сынға түсті. Кездесу тартысты өтті. Алайда, екі құраманың спортшылары да қақпа саңылауын таба алмады.

 

Ерік Нұрахметов, Петропавл қаласы білім бөлімінің бас маманы:

– Өткен ойында гол соғылған жоқ. Дегенмен, алда бізді тағы 2 матч күтіп тұр. Сондықтан, сол сында барымызды салып жеңіске жетуге тырысамыз.

 

Ал, мына жерде бөлім басшылары өздерінің дәлдіктерін көрсетіп, мергендіктерін сынады.

 

Гүлмира Кәрімова, Петропавл қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

-Мен дартс ойынына қатыстым. Сергуге жақсы көмектеседі. Осындай іс шаралардың ұйымдастырылып тұратындығы өте жақсы. Салауатты өмір салтын барлығымыз қолдауымыз қажет .

 

Жарыс қорытындысы бойынша шағын футболдан бірінші орынды тұрғын үй инспекциясы жеңіп алса, дартстан «Коммунхоз» ЖШС басшысы Мұрат Қалиев мерген атанды. Баскетбол торына допты дәл көздей білген қалалық қаржы бөлімінің маманы Айнұр Оспанова болса, әйелдер арасындағы эстафетада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің нәзік жандылары қарсылас шыдатпады. Ал командалық эстафета бойынша бірінші орынды білім бөлімінің қызметкерлері жеңіп алды. Жеңімпаздар кубок және дипломдармен марапатталды.

 

Мағжан Ахмадина