Қоғам

Ботаникалық бақта құрма ағашы алғашқы жемісін берді

 

Мына тропикалық өсімдіктің отаны -Араб елі. Оның бұтағы Солтүстік Қазақстан облысының құнарлы топырағына 100 жыл бұрын егіліпті. 1 ғасыр бойы өсіп-жетілген пальма көшеті бүгінде алғашқы жемісін берді. Нәрлі құрма ораза қарсаңында шығыпты.

 

Равиль Рязапов, “Ботаникалық бақ “Табиғат балалары” ҚБ төрағасы;

– Барша мұсылман жамиғаты ораза айын атап өтті. Ислам дінін ұстанушылар үшін бұл мезгіл айлардың сұлтаны саналады. Ауыз бекіткендері ауыздарын құрма жемісімен ашуды құп көреді.

 

Құрма ағашы 600 жылға дейін тамыр жаяды екен. Өңір оранжереясында бұл пальманың бірнеше тұқымдасын кезіктіруге болады. Канадалық түрі де биыл жеміс беруі тиіс еді. Алайда, бүр жаруына ботаникалық бақта қыс уақытында болған оқиға кедергі келтіріпті.

 

Равиль Рязапов, “Ботаникалық бақ “Табиғат балалары” ҚБ төрағасы:

– Қатты соққан жел шатырды жұлып алды. Сыртта қақаған аяз болды. Сынап бағанасы  29 градусты көрсетті. Іште өсімдіктерге қолайлы 27 градус жылы болған. Екі сағаттың ішінде ғимараттың іші 2 градусқа дейін суып кетті.

 

Осыдан өсімдіктер сола бастаған. Жылу сүйгіш ерекше субтропиктік ағаштарға + 12 градустың өзі қауіпті. Әлем табиғатының шағын үлгісі іспеттес Қызылжар оранжереясында 2 мыңға тарта өсімдік бар. Көп жерлерде кезіге бермейтін жасыл желектің жыл бойы жайқалып өсулері үшін ботаникалық бақтағы қалыпты температураны ұстап тұру мүмкін болмай отыр.

 

Равиль Рязапов, “Ботаникалық бақ “Табиғат балалары” ҚБ төрағасы:

– Біз ерекше өсімдіктердің тағдырына немқұрайлық танытпайтын адамдардан көмек сұраймыз. Жылуды ұстап тұруға мүмкіншілік жоқ. Ірге, әйнек, шатырдағы тесіктерді бітеу керек. Қыс болса қылышын сүйретіп тез жетіп қалады. Суық күндері температура бірден төмендейді.

 

Мұнда соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілген.

 

Жеңіс Ермұқанов