Көлік және жолдар

Жерасты құбырлары жөнделгеннен кейін жолдар қайта қалпына келтірілуі қажет

 

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

-Евгений Брусиловский көшесі бойындағы тас жолдың қақ ортасында ұзындығы-10, биіктігі-2 метр ор жатыр. Бұл жерде «Петропавл жылу желілері» серіктестігі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Алайда шұңқырды жаппай кетіпті.

 

Істен шыққан жылу құбырының ақауы жамалып, қалпына келтірілгеніне екі апта өткен. Алайда терең ор әлі ашық күйінде жатыр. Айналасы қоршалмаған аумақ көлік пен жаяу жүргіншілердің қатынауына зор қауіп төндіріп тұр. Абайсыздық танытпағаны оқыстан құлап кетуі ғажап емес. Қысқа әзірліктің қамында Театральная көшесінде қазба жұмыстары жүргізілген. Ондағы оңтүстік коллекторды жаңғырту ісін “Рүстем” ЖШС қол алған. Негізгі шаруа тындырылып, шұңқыр жабылды. Алайда, бұзылған жол тегістелмей маңайдағы тұрғындардың жүруі мұңға айналып отыр. Кәріздік желінің іске қосылғанына 3 ай болыпты. Сол уақыттан бері жөндеу аумағы абаттандырылмаған. “Рүстем” серіктестігінің үстінен өзге де аудан тұрғындарынан шағым жиі түседі екен. Биылдың өзінде аталмыш мердігерге сеніп тапсырылған 30 га-ға тарта нысандағы жағдай осы. Жұмыс тиянақсыз жасалған.

 

Зәуре Нұрмұқанова, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

-Біздің бөлімнің тапсырысымен 261 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның жүзінде негізгі іс аяқталды. Бірақ қазба жұмыстары жүргізілген аумақтар қалпына келтірілмеген. Абаттандыру ісін жасамаған серіктестіктерді жауапкершілікке тарту үшін құзырлы органдардың көмегіне жүгінеміз.

 

Жалпы Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөліміне тұрғындардан 3 мыңға тарта шағым түсіпті. Көбін жөндеу жұмыстарынан кейін жолдардың бұзылатындығы мазалайды екен.

 

Жеңіс Ермұқанов