Қоғам

Есілден жыртқыш балық ұсталды

 

Балық аулауға шыққан Сергей Константинов қармаққа не іліккенін бірден түсінбепті. Ірі су жануары Есіл өзенін мекендейтін балықтарға мүлдем ұқсамайды. Талай ау құрып дағдыланған әуесқойдың тәжірибесінде кезікпеген  құбылыс.

 

Сергей Константинов:

– Бұрын-соңды көрмеген балықты алып шыққанымда сасып қалдым. Сұр түсті, түрі тым қорқынышты. Жақындағы балықшыны шақырып едім ол пиранья деді. Бұған сенер-сенбесімді білмедім.

 

Ұзындығы 38 см., салмағы тура 1 келі. Бәрінен бұрын өткір азу тістерінің жиі орналасуы таң қалдырыпты. Қолға жыртқыш балық түскенін Сергей Алексеевич ғаламтор желісін ақтарғасын түсінген. Өңіріміздің су көздеріне тән емес мекендеушінің Есілде қайдан пайда болғанын білу үшін мамандардың көмегіне жүгіндік. Петропавл балық питомнигіндегілер бір ауыздан оның жыртқыш пиранья екенін айтады.

 

Владимир Кульбакин, Петропавл балық питомнигінің бас балық өсірушісі:

-Көріп тұрғандарыңыздай қабыршағы жып-жылтыр. Бұл оның жергілікті өзенге жақсы бейімделгенінің белгісі. Біреу оны аквариумда күтіп, кейін Есілге жібере салған болар. Өйткені оны үй жағдайында өсіру оңай емес.

 

Жалғыз пиранья түк қауіп төндірмейді. Топтасып өмір сүретіндіктен тек үйірімен ғана шабуылдайды екен. Негізінен Латын Америкасындағы Амазонка өзенін мекендейді. Сондықтан өздігінен жетуі мүмкін емес. Адами фактодің нәтижесі екендігінде дау жоқ. Мамандардың айтуынша, мұндай сыры көп балық түрлері ара-тұра кезігіп тұрады екен.

 

Владимир Кульбакин, Петропавл балық питомнигінің бас балық өсірушісі:

– Қысты күні жылы каналда қармақ салған балықшы сырт келбеті таныс емес пинагора балығын аулап алды. Біз ол туралы мәлімет жинадық. Ол да жыртқыш болып саналады.

 

Ерекше олжа иесі балықты қандай мақсатта пайдаланатынын әлі шешпепті.

 

Жеңіс Ермұқанов