Мәдениет

«Sensitive» би ансамблі халықаралық байқауда бірінші орынды жеңіп алды

Қазақстан бойынша біздің өңірімізден ғана аттанған жалғыз “Сенситив” би тобын қарсы алуға сапаржайға ата-аналары, туған-туысқандары мен мектеп-интернат тәрбиешілері келді. Олар Болгарияда өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атанған жастарды тағатсыздана күтіп отыр.

 

Жангелді Тәжин, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат директоры:

-Қазір біздің жеңімпаз балаларымыз мінген автобус сәлден соң келіп қалады. Оқушыларымызды қуанып күтіп отырмыз. Келесі жылы біздің мекемеге 70 жыл толады. Олар бізге жақсы сыйлық жасады. Ұжым болып бірнеше жыл атқарған еңбегіміз ақталып жатыр. Бұл – біз үшін үлкен жеңіс.

 

Міне, бишілер мінген автобус та келіп тоқтады. Жеңімпаздарымыздың жүздері бал-бұл жайнап, бірінің соңынан бірі көліктен түсіп жатыр. Сөйтіп, олар өздерін тағатсыздана күткендерге “Шуақты би” аталымында алған дипломдары мен медальдарын көрсетіп, қуаныштарымен бөлісуде. Әлемнің түкпір-түкпірінен барған бишілердің арасында біздің жерлестеріміз ғана балдық биді билеген. Олар өз өнерімен қазылар алқасының ыстық ілтипатына ие болған. Ансамбльдің жетекшісі Ольга Ростовщикова байқаудың жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғандығын айтуда.

 

Ольга Ростовщикова, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаттың қосымша білім беру педагогы:

-Үміткерлер біраз елден келген екен. Бір аталымның өзіне 200-ден астам өнерлі қыз-жігіттер қатысты. Онда қазылар алқасы біздің ұжымның деңгейін өте жоғары бағалады.

 

Әнді тұла бойыңнан өткізіп, саз ырғағын жан дүниеңмен сезіну. Бұл құлағында мүкісі бар жасөспірімдер үшін қиын екені сөзсіз. Алайда, тағдырдың тәлкегіне іліккен «Sensitive» би ансамблінің мүшелері еш мойыған емес. Өмірге деген құлшынысымен, асқан ерлігімен жұртты таң қалдыратын олар өнерімен кәсіби бишілерден кем түспейтінін дәлелдеді. Олар байрақты додаға әлемге танымал үш биді биледі. Соның ішінде посодобльдан 48 балл, ча-ча-ча биіне қойылатын ең жоғарғы 50 ұпайдың 49-на қол жеткізген. Сөйтіп, халықаралық жарыста 1-дәрежелі лауреат атанған. «Сенситивтің» мүшесі Евгений Кузьминнің сайыстан алған әсері мол.

 

Евгений Кузьмин, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат тәрбиеленушісі:

-Бізге сайыстан бөлек үнді, латын, болгар билерінен шеберлік сабақтары өткізілді. Онда степ, заманауи ырғақты билерді де үйрендік. Ал, жарыста өте жоғары деңгейдегі кәсіпқой майталмандарды көп көрдім.

 

Халықаралық додаға 8 мемлекеттің өкілдері қатысқан. «Sensitive» би ансамблі Түркия елінде өтетін келесі халықаралық байқауға шақырту алды.

Берік Қасен