Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметтің кезекті отырысы өтті

Селекторлық жиында алдымен “Қолжетімді баспана – 2020” бағдарламасының жүзеге асу барысы талқыланды. Биыл 6,6 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілуі тиіс. Алғашқы жартыжылдықта межеленген жоспардың 46 пайызы еңсерілді. 3 млн. шаршы метр үй қолданысқа берілген. Бұл мақсатқа өңірлерге бөлінген қаржының 96 пайызы игеріліпті. Орындалатын жылдық құрылыс жоспарына аумағы 1,8 млн. шаршы метр жеке баспана тұрғызу кірістірілген. Сондай-ақ, 4 мыңға тарта жалдамалы пәтерлер тұрғызылмақ. Бүгінде 600-ң кілттері табысталды. 10 млрд. теңге жас отбасыларды тұрғынжаймен қамтуға бағытталған. Десе де, баспанаға мұқтаж жандардан сұраныс мемлекеттің ұсынысынан 2 есеге артық. Өңірлердің біршамасында жобалық-сметалық құжаттамалары дайын емес. Инженерлік желілер қарастырылмаған. Инфрақұрылым мен индустриялық құрылыс комбинаттарын құру жағы да ақсап тұр. Бұл жөнінде тиісті ведомство басшылары мен облыс әкімдері есеп берді. СҚО атқарушы органдарының жұмысы да сынға ілікті.

Облыс әкімінің баяндауынша жыл басынан “Қолжетімді баспана – 2020” бағдарламасы аясында 26 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Өткен 6 айда 5 млрд. 765 млн. теңгенің шаруасы тындырылыпты. Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің жергілікті өкілдігімен үш үй қаланып жатыр. Жоба құны – 520 млн. теңге.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– 6 айдың қорытындысы бойынша 200 млн. теңгенің жұмысы атқарылды. Бұл жоспардың – 99,7 пайызы. Ал  7 айда 263 млн теңге игерілді. Алдағы желтоқсан айында үш үйдің де құрылысы аяқталады. 700 млн. теңгеге жалдамалы-коммуналдық үйлер бой түзейді. Бұл қаржыға 28 мың шаршы метрді алатын 7 әлеуметтік үй тұрғызылуда. 1-шілдедегі мәліметтерге сүйенсек 99,5 пайызы орындалды.

 

Самат Ескендіров Премьер-Министрді инфрақұрылымды жаңғырту бойынша қолға алынған істер жайлы да құлағдар етті.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Жаңа үйлерге инженерлік-коммуналдық желі тартуға 1 млрд. 615 млн теңге қарастырылды. Құрылыс барысында жобалық-сметалық құжаттамалар өзгертілгендіктен 79 пайызын ғана жүзеге асырып үлгердік. Жұмысқа қарқын қосылып 9 айдың қорытындысы бойынша жоспармен теңеседі. Қаржының кешіктірілгенінен 2014 жылдың жоспарын тапсырып үлгермедік. Бүгінде 600 млн теңгенің жалдамалы және несиелік үйлердің үш жобасы әзір.

 

Алғашқы мәселені қорытындылаған Серік Ахметов аталған олқылықтардың орнын толтырып, бағдарлама аясында баспана тұрғызудың көлемін толық игеруді тапсырды. Премьер-Министр құрылыс көлемі орындалмаса қаржы өзге аймақтарға бағытталатынын баса айтты. Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – орақ науқанына әзірлік. Биыл 21,4 млн Га алқаптан дәнді дақылды жинап алу керек. Оның 15,7 млн Га – ырыс дәні-бидайдың үлесінде. Танап басына 14 мың жоғары өнімді заманауи комбайн шығарылады. Бүгінде 830 мың тоннасы құлатылыпты. Гектар берекелігі 18,7 центнерден айналуда. Шаруаларға нарық бағасынан 10 пайызға арзан жеңілдетілген  жанар-жағармайдың жеткілікті қоры дайын тұр. Мал азығының 75 пайызы қамдалған.

Селекторлық байланыс үзілген соң аталған мәселелер жергілікті деңгейде талқыланды. Өңір жетекшісі Қазақстанның ипотекалық науқанының өлкеде іске асу барысын сұрастырды. Бұл бағыттағы әріптестік аясында баспана тұрғызуға 9 Га жер бөлініпті.

 

Владимир Балахонцев, CҚО әкімінің орынбасары:

– Магистральді желі тартуда қиындыққа кезігіп отырмыз. Инженерлік мұқтаждықты қанағаттандыру үшін қосымша 72 млн. теңге қажет болып тұр. Қалалық қазынадан екі үйге коммуналдық құбыр төсеуге 6 млн теңге бөлінді.

 

Самат Ескендіров бұл үрдіске инфрақұрылымы бар жерлерді қатыстыру керектігін тілге тиек етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-“Шығыс” ықшам ауданына республикалық қаржы жұмсалды. Ондағы инженерлік желілер 6 жыл іске қосылмады. Бұл жұмысты жандандыратын кез жетті. Өйтпесек қолданысқа жарамсыз болып қалуы мүмкін. Әзірге, Казақстанның ипотекалық компаниясына қатысудың ең тиімді жолдарының бірі – осы. Жекеменшік иелерінен жерді қайтару мәселесін шешу керек.

 

Алдағы жылға өңірдің бюджеттік құрылыс сұранысын Үкіметке өткен шілде айының бел ортасына дейін жөнелту керек болатын. Алайда, бұл іс те көңіл көншітпей, құрылысшылар мерзімнен кеш қалды. Жоба дайын, бірақ кейбір жайттары әлі нақтыланбаған.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Тамыз айының 15-не дейін тапсырыс берілуі тиіс. Оған жалдамалы және несиелік үйлердің жоспары толық енгізілсін. Бізде жалпы 2114,15,16 жылдардың құрылыс жобасы құрылып қойылды. Егер де сол жоспарды дұрыс реттесек, бүгінгідей сын естімес едік.

 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті өкілдерінің мәлімдеуінше қолжетімді баспанаға сұраныс мол. Орта есеппен 1 пәтерге 2,3 өтініштен түседі екен. Аймақ басшысы бұған ниет танытушыларды қанағаттандырудың бар жолын қарастыру керектігін айтты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыла әрекет етулері керек. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша барлық олқылықтар түзелсін. Бұл өңірдегі құрылыстың әр бағытына қатысты.

 

Жиында орақ науқанына дайындық барысы да пысықталды. Отырысты қорытындылаған облыс әкімі астықты ысырап етпеуді жүктеді.

Жеңіс Ермұқанов