Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тай елінің мультимиллионері Викром Кромадиттің автокеруені Солтүстік Қазақстанға келді

 

Қалтасы қалың азамат Викром Кромадит сапарын Тайландтан бастаған. Оның автокеруені Тай елінен наурыздың 17-нде шығыпты. Жол-жөнекей Бирма, Корея, Қытай және Ресейге де соққан. Енді, міне Қазақстанда жүр. Бұл – олардың қазақ жеріне алғашқы сапары. Теріскей азаматтарымен танысып болғаннан кейін меймандар еліміздің өзге қалаларын да араламақ. Керуеннің бізге келуіне қазақстандық кәсіпкер Роман Арыстанов септескен.

 

Роман Арыстанов,«ExpoAris Co.LTD” компаниясының директоры:

-Мультимиллионер Викром біздің Қазақстанда да индустриалдық парк ашуы мүмкін. Әзірге, ол еліміздің индустриалдық мүмкіндіктерін саралайтын болады. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Кедендік одақ мемлекеттері арасында тауар алмасу үрдісін жеңілдету жолдарын қарастыруда. Сондай-ақ, осы елдердің мәдениетімен танысады.

 

Викром Кромадит – «Амата» компаниясының иесі. Оның 3 индустриалдық паркі бар: бірі- Вьетнамда, ал  екеуі Тайландта тұр. Мультимиллионер біздің елге де инвестиция құюды көздеп отыр. Сондықтан Қазақстанмен жақын таныспақ ойы бар. Азаматтарымызбен кездесіп, мемлекетіміз жайлы өзінің деректі фильмінде баяндамақ. Өкінішке қарай, игі бастама иесі облысымызға келе алмады. Дегенмен, оның сенімді өкілдері жерлестерімізбен жолығып, жоспарларымен бөлісті.

 

Панчана Ваттанасатиен, “АМАТА” қорының әкімгері:

-Біздің керуен 3-ші жыл қатарынан жер аралап жүр. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмыз. Сіздермен жақсы қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Виза мәселесін де қарастыру қажет. Керуен құрамында 20 шақты адам бар. Біз деректі фильм түсіріп жүрміз. Тай елінің азаматтары осы арқылы Қазақстанның халқымен, мәдениетімен жақынырақ танысады.

 

Викром Кромадит – 15 кітаптың авторы. Орыс тіліне аударылған еңбектерінің біреуін тайландтық меймандар бүгінгі жиында таныстырды. Сондай-ақ, «АМАТА» компаниясының қожайыны Қазақстан және Тайландтың қатысуымен интернационалдық телехикая түсіруді ойластырып жүр екен. Елімізді аралап болған соң Викромның автокеруені Қытайға жол тартпақ.

Күннің екінші жартысында Тай елінің мультимиллионері Викром Кромадиттің көлік керуені Петропавлдан Көкшетау қаласына аттанды. Саяхатшылар жол бойы Қазақстанның бірқатар елді мекендеріне аялдауды жоспарлап отыр. Жалпы, жат мемлекеттерді аралауды жүзеге асыру үшін 7 ай жұмсалмақ. Ұзақ сапарларының 40 мың шақырымы артта қалды. Қазақ еліне ат басын бұруларының негізгі мақсаты – түрлі сала бойынша әріптестік орнату.

 

Роман Арыстанов, «ExpoAris Co.LTD» компаниясының директоры:

– Қазақстанда қызықты жобалар жетерлік. Көптеген инвесторлар қаржы құюға ниетті. Әсіресе, ауыл шаруашылығының әлеуеті зор. Оның ішінде астық  және ірі қараны асылдандыруға қатысты тың бастамаларды жүзеге асыруға болады.

 

Айдана Демесінова, Жеңіс Ермұқанов