Жиында жасотандықтар ең алдымен жартыжылдықты қорытындылап алды. Жыл басынан олар 120-дан астам ақпараттық-насихаттық кездесулер ұйымдастырыпты. Жас ұйым құқық қорғау органдарымен бірге “Стоп қылмыс” акциясы барысында өткен 37 шараға қатысқан.
Мұса Танақұлов, “Жас Отан” ЖҚ облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
-Сәуір айының 8-і басталған “Жастар кадрының резерві” атты республикалық жоба аясында өткен іс-шараларға біздің облыстан 103 адам қатысты. Бірінші кезеңі өтті. Жақында екіншісі – әңгімелесу болады. Қыс пен көктем мезгілдерінде мүгедектер мен жалғызбасты ардагерлерге көмек көрсеткен қалалық филиалдың еңбегін атап өткім келіп отыр. Бұл жұмысты әлі де болса бірге жалғастыру керек.
Бұдан кейін “Жас Отан” ЖҚ-ң облыстық филиалының атқарушы хатшысы сайланды. Бұрын бұл қызметтің тізгіні Самат Жәкеновте болған еді. Оның өзге жұмысқа ауысуына байланысты енді аталған міндетті Мұса Танақұлов атқарады. Сонымен қатар облыстық жастар қанатының кеңесіне мүшелер де сайланды.
Ілия Байжанов, “Жас Отан” ЖҚ қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
-Біздің алдымызда үлкен мақсаттар мен тапсырмалар тұр. Сондықтан ұйымдастырылған шаралардың санына емес, сапасына көңіл бөлген жөн. Жас ұйымдардың жұмысы көп. Салауатты өмір салты мен азаматтардың белсенділігін арттырып, отансүйгіштікті дамытуға атсалысуымыз қажет.
Бұдан кейін белсенділер “Жастар – ауылға” жаңа жобасын жүзеге асыру жоспарын талқыға салды. Бұл тамыздың 8-інен бастап қолға алынбақ. Аталған бағдарламаның басты мақсаты – ауыл жастарына кеңес беру. Негізінен бүгінгі таңда біздің облыста “Жас Отанның” 15 филиалы бар. Бастауыш ұйымдардың саны – 249. Ал жасотандықтардың қатары 17 мыңнан асады.
Бану Ахметова