Букетов көшесі, 20 мекен жайындағы көпқабатты үй 27 жыл бұрын салынған. Баспана 59 пәтерлі. Мұндағы тұрғындар бүгін жылу есептегіш құралдарын орнатып жатыр. Айта кету керек, есептеу құрылғысының құны – 526 844 теңге. Оны тұрғындар “Севказэнергосбыт” ЖШС 1 жылға үстеме ақысыз қарызға алып отыр. Оның бағасы әрбір пәтерге бөлінеді. Сонда 1 шаршы метріне 14 теңге 9 тиыннан есептелмек. Шарты жеңіл әрі жылуға төленетін ақшамызды да үнемдейтін болдық дейді азаматтар.
Александр Тугучев, “Мирный” ЖПИК төрағасы:
-Жуырда есептеуіш құрылғысын орнату жөнінде жиын өткізгенде ұсынысты бәрі бірауыздан қолдады. Ортақ соманы барлық отбасы 1 жылда жылумен бірге төлеп шығады. Бұл біз үшін өте тиімді болып отыр.
Жылу есептеуіш құрылғысын орнатып жатқан “Петропавлстройритм” ЖШС жұмысты 2 күннің ішінде аяқтаймыз деп отыр.
Сергей Чиж, кәсіпорын қызметкері:
– Біз жылу есептеуіш құрылғыларын жыл сайын орнатып келеміз. Әлі ешкімнен шағым түскен жоқ. Өнім Ресейде жасалынған.
Үй тұрғындары енді “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы арқылы баспана шатырын да ауыстырып алуды жоспарлап отыр.
Бану Ахметова