Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысына 11 млрд. теңге бөлінді

Биыл тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысына 11 млрд теңге қарастырылыпты. Оның 9 млрд-ы ел қазынасынан құйылған. Негізгі бөлігі аудандарды дамытуға бағытталуда. Бұл орайда білім жүйесін жетілдіруге ден қойылып отыр.

 

Саят Әшімов, СҚО құрылыс басқармасының басшысы:

– Сәуір айынан Мамлют ауданындағы Жұмысшы кентінде 300 орынға арналған мектепті салуды бастадық. Келесі жылы қолданысқа беріледі. Жамбыл ауданы Айтуар ауылындағы мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде қас беті өңделіп, іші әрленуде және ауласы абаттандырылып жатыр. 74 пайызы дайын. Жаңа оқу жылында есігі ашылады.

 

Биыл Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылы мен Ғ. Мүсірепов ауданының орталығында да білім ұясының іргесі қаланады. Денсаулық саласы да жаңа емханалармен толықпақ.

 

Саят Әшімов, СҚО құрылыс басқармасының басшысы:

-Денсаулық сақтау саласының нысандарын салуға 4 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржының есебінен Есіл, Аққайың, М. Жұмабаев және Шал ақын аудандары орталықтарында емханалар тұрғызылып жатыр. Әрбірі күніне 200 науқасты қабылдауға арналған. Төрт емхананың үшеуі жыл соңына дейін халық игілігіне тапсырылады.

 

Жылдың аяғында таза ауыз су таратқыш 13 нысанның құрылысы аяқталады. Өткен 6 айда тіршілік көзіне зәру елді мекендерге 153 шақырым құбыр тартылған. Жиында “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үй жайы да сөз болды. Бірқатар ауданда 2011 жылы салынып бітуі тиіс баспаналар әлі қолданысқа берілмеген. Негізінен, бұл олқылық Айыртау мен Тимирязев аудандарында орын алған. Өңір басшысы үйлерді үстіміздегі жылдың қыркүйегіне дейін тапсыруды жүктеді. Ал бір пәтерлі 12 баспананың тапсырылмайтын түрі бар.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– “Жұмыспен қамту” бағдарламасы аясында 1 пәтерлі тұрғын үй салу жүктелген болатын. Бас аяғы – 60 баспана. Бұл біздің құрылыс индустриясына берілген сын емес пе. Оның өзін жоспарға сай атқару қолдан келмеді. Мердігер сеніп тапсырған істі абыройлы атқармаса, істі құқық қорғау органдарына тапсыру керек. Жалғыз Айыртау ауданында ғана 7 үйдің құрылысын жалғастыру мүмкін болмай отыр.

 

Биыл “Қолжетімді баспана” бағдарламасы аясында 110 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылуы тиіс. Жыл басынан 3/1 ғана қолданысқа беріліпті. Оның 59 пайызы – аудандарда.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Құрылыс қарқынының өскені байқалады. Жартыжылдықта 5,7 млрд. теңгенің жоспары жүзеге асырылды. Бірақ, жеткілікті деңгейде емес. Мәселен, көршілес Қостанай өңірінде бұл жұмыстың атқарылуы 3 есеге артық. Ал, Ақмола облысында 2,5 есеге көбірек орындалған. Бұны қалай түсінуге болады? Себептерін анықтау керек. Ал, өндіріс пен ауыл шаруашылығы жағынан алда келеміз.

 

“Қолжетімді баспана” бағдарламасының Петропавлда іске асу барысы жайында қала әкімі Төлеген Закариянов баяндады.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Кезекте тұрғандарға 95 және 85 пәтерлі 2 үй ағымдағы жылдың тамызында тапсырылады. Жас отбасыларға арналған 75 пәтерлі баспана қолданысқа желтоқсан айында беріледі. Сондай-ақ, 55 және 65 пәтерлі әлеуметтік үйлер жыл соңына дейін тапсырылады. Барлық инфрақұрылымы дайын.

 

Бұл жоспар жүзеге асқан жағдайда баспанаға зәру 395 отбасы пәтер кілтін алады. Сондай-ақ, шаһар басшысы жиналғандарды алдағы құрылыс жоспарымен таныстырды. Негізгі күш Береке, Жас Өркен, Набережный, Шығыс және Оңтүстік ықшам аудандарын көтеруге жұмсалмақ. Мәселен, соңғысында жеке тұрғын үй құрылысына 2 мыңға тарта жер телімі қарастырылған. Құрылыс жоспары әзір. Алайда, меншік иесі түк те тындырған емес.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Егер де саяси шешім шығарылса, “Солтүстік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” жер телімдерін мемлекет меншігіне өткізеді. Жоба дайын, қаржы құйылады. 235 Га аумақ жеке баспана саламын дегендерге үлестіріледі.

 

Сондай-ақ, отырыста Жас Өркен ауданында коммерциялық мақсатта құрылыс жүргізу жағы да қарастырылды. Кәсіпкерлердің көбі жеке қаржысын салуға ниет танытып отыр. Алайда, құрылысшылар кірпіш жеткізу жағынан жиі мұқтаждық туындайтынын алға тартуда.

Облыс әкімі бұл мәселенің түйінін шешуді құрылыс басқармасына тапсырды. Кірпіш құюға қажетті пайдалы қазбалар өңіріміздің жер қойнауында жетерлік. Сол себепті, бірқатар серіктестік құрылыс материалы зауытын өзімізден ашып алу мүмкіндігін пайдаланып қалуға дәмелі. Өңір жетекшісі ұсыныстар түсіп жатса, үкімет тарапынан жасалатын демеу көздерін қарастыратынын жеткізді. Жиынды қорытындылаған Самат Ескендіров құрылысқа қарқын қоса түсуді жүктеді.

Жеңіс Ермұқанов