Құқық қорғау органдары

Автомобиль жылқыларға соғылып, аударылып қалды

 

Жол апаты таңғы сағат 4  шамасында Пеньков ауылының маныңда орын алды. Көліктегілер Омбы қаласынан Петропавлға келе жатқан екен.

 

Күлмира Жармұқанова, Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі:

– Автокөліктің жүргізушісі тоқтауға қанша әрекет еткенімен, қақтығыстан құтыла алмаған. Салдарынан көлік жол жиегіне түсіп кеткен.

 

Көліктің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен 3-ші қалалық ауруханада жатыр. Ал, кәмелет жасқа толмаған баласы мен әйелі алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберіліпті. 2008 жылы шығарылған шетелдік көліктің қауіпсіздік жастықтары дер кезінде ашылған екен. Осының арқасында отбасы аман қалды. Қақтығыстың салдарынан 4 жылқы мерт болған. Жануарлардың ендері болмағандықтан, олардың иелерін анықтау  әзірге  мүмкін болмай отыр. Тәртіп сақшылары қазір көрші ауылдың тұрғындарын сұрастыруда. Жол-көлік апаты бойынша материал жиналып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Жыл басынан облыста жануарлардың аяқ астынан жолға шығып қалуының салдарынан 3 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

 

Бану Ахметова