Білім

Талапкерлер грант бойынша оқуға өтініштер тапсыра бастады

Алтынгүл Темірболатова ҰБТ-ден 87 ұпай жинапты. Бойжеткен өмірін медицина саласымен байланыстырмақ. Ақ халатты абзал жан болуды бала кезінен армандаған екен.

 

Алтынгүл Темірболатова, талапкер:

-Таңдаған 4-ші пән биология. Жалпы медицина мамандығын игергім келеді. Яғни адамдарды емдеу, ауруханада жұмыс істеу. Тапсырып көрем. Егер грантқа түссем, жақсы болар еді. Өйткені бала кезімнен армандадым.

 

Ал, Кирилл Потемкин журналист мамандығын таңдапты. Шығармашылық емтихандардан сүрінбей өткен ол грантты ұтып алатынына зор үміт артып отыр.

 

Кирилл Потемкин, талапкер:

-Жалпы  91 ұпай жинадым. ҰБТ орыс тілінен -21, Қазақстан тарихынан 20 баллға қол жеткіздім. Шығармашылық емтиханнан 50 ұпай қосылды. Енді грант конкурсына қатысуға құжат тапсырып жатырмын. Тегін білім алу мүмкіндігіне ие боламын деген үміттемін.

 

Грант конкурсына қатысуға ниетті түлектердің құжаттарын қабылдау елімізде шілденің 23-нен басталды. Ағымдағы жылы 35 мыңнан астам жас тегін білім алу мүмкіндігіне ие болмақ. Бөлінген гранттың 500-ге жуығы сырттай білім алатын студенттерге тиесілі.

 

Жангелді Сейтзадин, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

-Ең көп грант саны техника және технология ғылымдары, білім беру, ауыл шаруашылығы, медицина саласында. Кейін әлеуметтік ғылымдар, гуманитарлық ғылымдар, экономика және бизнес, құрылыс, қызмет көрсету саласына да бөлінді. Талапкерлер грант конкурсының өтінішінде 4 мамандықты таңдай алады, егер таңдалған пән ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификатында сәйкес болса.

 

Тегін білім алуға таңдауға түсу үшін талапкерлер тамыздың біріне дейін тиісті құжаттарын тапсыра алады. Мемлекеттік грантқа қол жеткізгендердің есімдері тамыздың 10ы белгілі болмақ. Кейін ақылы түрде оқуға ниетті жастардың өтініштерін қабылдау басталады.

 

Айдана Демесінова