Балалар

Мүгедек балалар арасындағы шығармашылық байқау

 

Бисер, жіп, сүлгі және қағаз бұйымдар. Әрқайсысы өзінің жасалуы бойынша ерекше, көздің жауын алады. Бұл – мүмкіндігі шектеулі балалардың байқауға әкелген заттары. Арасында суреттер де бар. Біреуі қазылар алқасын қолөнер бұйымымен таң қалдырамын десе, енді, бірі ән-бимен баураймын дейді. 11 жасар Виталий Химяк сал дертіне шалдыққан. Талантты бала өзінің төл туындысын ұсынбақ. Ол “Үздік орындаушы” номинациясы бойынша қатысуда.

 

Виталий Химяк, байқауға қатысушы:

– Мен бүгін өзім жазған әнді айтамын. Ол тағдырдың қиындығына мойымаған мықты адамдар туралы. Әуезді, жылдам шарқалатын ән.

 

Тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернатта бүгінде барлығы 20 бала тәрбиеленуде. Байқауға соның 3-уі қатысып жатыр.

 

Анар Даниярова, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат-үйінің әлеуметтік жұмыс бойынша маманы:

-«Үздік орындаушы» номинациясы бойынша 2 оқушы. «Үздік жасампаз» бағыты бойынша бала қатысуда. Жалпы балалар әртүрлі конкурстарға белсене қатысады. Талантты жастар жетерлік.

 

Мүгедек жандардың мүмкіндігін ашатын, талабы мен талантын танытатын конкурс елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қалалық деңгейде өткізіліп жатқан байқаудың іріктеу кезеңіне «Үздік би», «Үздік орындаушы», «Үздік жасампаз» атты 3 номинация бойынша 17 адам қатысуға ниет білдірген.

 

Лариса Шереметьева, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

-Байқаудың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан дарынды балаларды анықтау. Олардың дарынын, өнерін баршаға көрсету.

 

Қалалық байқауға қатысқандардың барлығы диплом және сыйлықтармен марапатталады.

 

Мағжан Ахмадина