Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теңге тұрақты

Жыл басынан несиелік салымдар 15,4 пайызға артып, 96,7 млрд. теңгені құрап отыр. Оның негізгі бөлігі – сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының үлесінде. 6 айдың ішінде екінші деңгейлі қаржы институттарымен 51 млрд. теңгенің несиесі рәсімделіпті.

 

Жомарт Қажырақымов, “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:

-2010 жылы бір жылдың ішінде 50 млрд  теңге ақша беріп едік. Қазір жарты жылдың ішінде сол көрсеткіштен асып кеттік. Әрбір 5-ші несие шағын және орта бизнеске берілді. Жартыжылда облысымыздың өнеркәсіп өнімі, ауыл шаруашылығы және басқа да қызмет көрсетулерінің оң болуына банк жүйесінің де рөлі бар.

Бұл – қызмет сапасының жақсаруы мен жылдық үстеме ақы мөлшерлемесінің төмендеуінің жемісі дейді өңіріміздің бас қаржыгері. Ал, жеке тұлғалардың банктерден қолжетімді несие алуы 1,5 есеге өсіпті. Алайда, көбі қарызды қайтаруға асықпайтын көрінеді.

 

Жомарт Қажырақымов, “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:

-Кәсіпкерлерге берілген несиенің әрбір 5-сі уақытында қайтарылмай отыр. Халықтың әр 10-шы несиесі де уақытында төленбей қосымша пайыз төлеп отыр. Бұл жақсы көрсеткіш емес. Десе де жылдан-жылға түсіп келе жатыр.

 

Бүгінде өңірдегі қаржы институттарындағы тұтынушылардың салымы 57 млрд теңгеге жетіпті. Оның 97 пайызы – жеке тұлғалардың депозиті. Әрбіріне шаққанда орта есеппен 96 мың теңгеден келеді екен.

 

Жомарт Қажырақымов, “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:

-Халықтың депозиті былтырғымен салыстырғанда 25 пайызға көбейіп отыр. 11 млрд теңге қосымша банкке салынды. Ол халықтың банк жүйесіне деген сенімі деп білемін. Салымдардың 77 пайызы ұлттық валюта теңгемен салынған.

 

Бүгінде өңірімізде екінші деңгейлі банктердің 18 филиалы мен 61 құрылымдық бөлімшесі жұмыс істейді. Жыл санап банкомат, есеп айырысатын пост-терминалдар мен айырбастау пункттерінің қатары артып келеді.

Сондай-ақ, Жомарт Қажырақымов халықты дүрбелеңге салған  теңгенің құлдырауына қатысты сыбыстарды жоққа шығарып отыр. Девальвация үшін бір де бір себеп жоқ, бұл бос сөз дейді қаржыгер. Ұлттық валютаның құнсыздануы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға тікелей қатысты болатын жайт. Ал бүгінде республиканың басым салаларының барлығында дерлік өсім байқалады.

 

Жомарт Қажырақымов, “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:

-Ұлттық банктің алтын және валюта қорлары 90 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Айналымда жүрген қаржының санын алатын болсақ 10 млрд. доллар. 1,5 трлн. теңге қолма қол ақша жүргенде, қорда 90 млрд. доллар барда ешқандай қорқыныш жоқ.

 

Халықтың шетелдік валютаға деген сұранысы төмен. Мәселен, АҚШ долларын сатып алу үрдісі 57 пайызға кеміген.

 

Жеңіс Ермұқанов