Билік

Облыстық әкімдік отырысында өзекті мәселелер қаралды

 

Алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қорытындысы сараланды. Бұл уақытта аймақтағы жалпы ішкі өнім 116,5 млрд теңгені құрады. Жан басына шаққанда 201,2 мың теңгеге тауар өндіріліп, түрлі қызметтер көрсетілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға жоғары. Өңірдегі өндірістік кәсіпорындар былтырға қарағанда 4,5 пайызға артық тауар шығарған. Аққайың және Жамбыл аудандарында өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексінің төмендеуі байқалған. Өңір басшысы бұл жағдайды сынға алып, қандай шаралар қолданылып жатқанын сұрады. Аудан жетекшілері бұған мал басының кемуі әсерін тигізгенін айтты. Сондай-ақ, ұн өнімінің азаюын егін түсімінің ойдағыдай болмағанымен байланыстырды. Самат Ескендіров бұл бағытта біраз шаруа тындыру қажеттігін баса айтты.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Көрсеткіштер бойынша дұрыс сараптама жасау қажет. Бұл сандарды сіздер жартыжылдықтың соңында анықтап, көшті кері тартқан кәсіпорындармен тиісті шараларды атқаруға міндеттісіздер. Жағдайды оңалту қажет.

 

6 ай ішінде 29,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліпті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен басым. Алайда, Аққайың мен Айыртау аудандары көштің соңында келе жатыр. Өңір жетекшісі бұл олқылықты дереу түзеу қажеттігін қадап айтты. Бірінші жартыжылдықта өңірдегі орташа жалақы 70 092 теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы саласындағы орташа еңбекақы не бары 46 мың теңгені құраған. Өңір жетекшісі бұл мәселені де мықтап қолға алу керектігін атап өтті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жамбыл ауданында өнеркәсіптегі орташа айлық жалақы – 29 мың 951 теңге. Бұл олқылықты дереу түзеу қажет. Аграрлық салада да осы бағытта жұмыс жасау керек. Ауыл шаруашылығы басқармасына жалақы мәселесін шешуді тапсырамын. Сараптама жүргізіңіздер. Субсидия алатын шаруашылықтарды қатаң бақылауға алыңыздар. Еңбекақыны көтеруге аграрлық салада барлық мүмкіндіктер бар.

 

Отырыста «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалуы да сөз болды. Биыл бұл мақсатта 9,4 млрд теңге қарастырылған. Мемлекеттік жоба өңірде үшінші жыл қатарынан жүзеге асуда. Осы уақыт аралығында бірталай оң нәтижеге қол жеткен. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында өлім-жітім көрсеткіші 1,9 пайызға кеміген.

 

Анатолий Ко, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

-Статистика департаментінің мәліметі бойынша жалпы өлім-жітімнің ең төмен көрсеткіші Ақжар мен Уәлиханов аудандарында. Бұлардағы деңгей 7,4 және 12,38 пайыз. Ал, Мамлют, Аққайың және Есіл аудандарында облыстық көрсеткіштерден жоғары.

 

Туберкулезге қарсы күреске жыл сайын ауқымды қаражат бөлінуде. Биыл бұл дертпен ауыратындардың саны 14,4 пайызға азайды.Аймақтағы онкологиялық жағдай бойынша да оң өзгерістер байқалуда. Бұған аурудың алдын алу бағытында жасалып жатқан шаралар септігін тизіген. Денсаулық сақтау саласында туындап жатқан мәселелер де баршылық. Кей емханалар ескірген, ақ халаттылардың жетіспеушілігі сезіледі.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету керек. Кадрлар тапшылығы бұған кедергі келтірмеуі тиіс. Денсаулық сақтау басқармасымен бірге аудандағы мәселелерді аудан әкімдері де шешу қажет.

 

Жиында мүгедектерге қолжетімді қылу үшін қолданыстағы нысандарды түгендеу жұмыстары сараланды. 2 жылдың ішінде өңірдегі 2585 нысан тексерілді. Жұмыстың 66 пайызы осы жылы тындырылған.

 

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бсшысы:

-2585 нысанның – 67-сі мүгедектер үшін қолжетімді, 1581 – жартылай ғана, ал, 937 объект мүлдем қолжетімсіз болып шықты. Талапқа сай нысандардың саны Уәлиханов, Айыртау, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласында аз екені анықталды.

 

Облыс әкімі Самат Ескендіров мекемелерге кіру жарымжандарға ыңғайлы болуы керектігін айтып, осы бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Отырыста өңірдің қысқа әзірлігі де талқыланды. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар жайлы облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев баяндады. Бюджеттік мекемелерді көмірмен қамтамасыз ету ісі аяқталуға жақын. Бүгінде қажетті 172 мың тонна көмірдің 170 мың тоннасы жеткізіліпті.

 

Айдана Демесінова