Тайынша ауданының тұрғыны Айнұр Мұқашева өрістен қайтпаған малды іздеймін деп көліктің астына түсіп қалыпты. Қатты соққыдан 10 жасар қыздың жабық түрде сол жақ сан сүйегі жамбастан ығысып кеткен. Зақымдалған ірі буынның деформациясы хирургиялық тәсілмен түзетілді.
Айнұр Мұқашева, Тайынша ауданының тұрғыны:
– Машинаны көрмей қалып мені соғып кетті. Тайыншада бір күн болып мұнда келдім. Қазір жағдайым жақсы, сүйегім орнына келді. Енді жақында үйіме барамын.
Данил Барышев бірер күнде жарақатынан толық емделіп шығады. Ол да абайсызда жол апатынан жапа шеккен. Скутермен жүремін деп “Газель” көлігімен соқтығысып қалыпты. Салдарынан бас миы ауыр зақымдалып, самай сүйегі сынған.
Наталья Барышева:
– Немерем екі күн бойы жан сақтау бөлімінде жатты. Жағдайы тым мүшкіл болды. Жанымды қоярға жер таппадым. Өмірімен күрескен ақ халатты абзал жандарға ризамын. Данилды өлім аузынан арашалап қалды. Алғысым шексіз.
Оқыстан жарақат алғандардың жартысына жуығын жасөспірімдер құрайды екен. Әсіресе, жол-көлік оқиғалары кесірінен тірек-қимыл жүйесінің сынықтары 35 пайызға артқан. .
Асылхан Жағыпаров, СҚО балалар ауруханасының жарақатты емдеу бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы:
– Бөлімшемізге әр түрлі жарақаттармен келіп түседі. Бас сүйегінің, бас миының жарақаттануымен. Қол-аяқ сүйектерінің, омыртқаның сынуымен, үй шаруашылығында иттің тістеуімен түсетін балалар көп. Күйік алып түсетін балалар көбейіп отыр.
Науқастардың айығып кетуі 3 дәрігер мен 20 орта медицина қызметкерінің жіті бақылауында. Балғындардың дерттеріне шипа болар бар амал-тәсілдері қолданылады. Аса ауыр жарақаттарды емдеу үшін кәсіби көмек көрсетіліп, күрделі ота жасалады.
Асылхан Жағыпаров, СҚО балалар ауруханасының жарақатты емдеу бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы:
– Күрделі операциялар жасалады бас миына, сүйегінің сынған жерін қалпына келтіреміз. Итпен тістеліп түскен балаларға теріге пластикалық оталар жасаймыз. Кейінгі жылдары күйік шалғандарға аутодермапластика жасау үшін дерматом құрылғысы алынды. Ол теріні жұқа көлемде алып, көп мөлшерде терісін зақымдамай өзінің көмегін көрсетеді.
Жалпы облыстық балалар ауруханасының жарақатты емдеу бөлімшесінде 33 орын бар. Жыл басынан 570 науқас сауығып шығыпты.
Жеңіс Ермұқанов