1962 жылы салынған құбырлардың жарамдылық мерзімі – 20 жыл. Ал, мына жаңаларының төзімділігі 50 жылға жетеді дейді мамандар. Пластикалық материал темір сияқты коррозияға ұшырамайды. Олар бір-бірімен 220 градус температурада қыздырылып жалғанады. Одан кейін қыста ішіне мұз қатпау үшін құбырларды 3 метр тереңдікке төсеу қажет екен. Осылайша, тамыз айының аяғына дейін Лебяжье, Құралай, Копихово және Кулонзина ауылдары таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек.
Виктор Милишев, «Қазсушар»РМК «Есіл су» Булаев өндірістік учаскесі 3-ЖПУ басшысы:
-Жалпы, бұл аумақта 98 шақырым жерге құбыр тартылды. Таза ауыз суға 4 мыңнан астам тұрғынның қолы жетеді. 14 елді мекенді қамтитын жұмысқа 8 мердігер жұмылдырылған.
“Есіл су” филиалының қызметін бүгінде 229 елді мекеннің 200 мыңнан астам тұрғыны тұтынады.
Сергей Шаманаев, «Қазсушар» РМК «Есіл су» филиалының техникалық өндірістік бөлімінің инженері:
– Бүгінгі қолданыстағы құбырлар әбден тозған, пайдалануға жарамсыз болып қалды. Осының кесірінен апаттық жағдайлар жиі тіркеледі. Бұл жаңғырту жұмыстары халықты сапалы сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр.
Бұл мақсатта ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 115 млн теңге жұмсалады.
Біржан Қойшыбаев